Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Серік Қасымовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда ҚР Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді.
– Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ҚР СТ 989-2014 стандартына №1 өзгерістер енгізіліп, алдағы уақытта ұлттық стандарттың бүкіл мәтінінде «Қазақстан» сөзін латын графикасымен «QAZAQSTAN» етіп өзгерту, ΔE түстер диапазонын қолдану туралы шешім қабылданды. Енді еліміз Елтаңбасының жаңартылған нұсқасында QAZAQSTAN сөзі қолданылатын болады. Сонымен қатар, «Библиография» тарауы Ж.Мәлібековтің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы элементтерінің сипаты мен тарихы әдістемелік құралымен толықтырылды. №1 өзгерістерді қабылдау және қолданысқа енгізу туралы ақпарат http://egfntd.kz сайтында және стандарттардың кезекті ай сайынғы ақпараттық сілтемесінде орналастырылды. Елтаңбаны ауыстыру мерзімі шамамен 1,5-2 жылға дейін болуы мүмкін, – деді С.Қасымов.
Айта кету керек, елімізде өзгерістерді әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, сондай-ақ, дайындаушы компаниялардың өкілдері, «Мекен KZ» ЖШС, «Industrial Company Zoom» ЖШС, «Символика» ЖШС, «Алматыгороформление» ЖАҚ, «Ак бастау KZ» ЖШС, ЖК «Ж.С. Тынымбаев», ЖК «Баубеков» және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан.