
Арал ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.
Аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі әрбір кезең шындығын жарқ еткізген мақалалары мен тарихи сәттерден сыр шертетін фотосуреттер келушілер назарын аударды. Мазмұнды кештің беташарындай болған слайдтан замандастары мен ізбасар інілерінің өзекжарды лебізін тыңдаған жұрт бір серпіліп қалды.
Мерекелік шарада аудан әкімі М.Оразбаев:
– Абыз ақсақалдың 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шараның тағылымдық мәні зор. Көптің көкейіндегісін дөп басқан жазбаларымен халықтың ықыласына бөленіп, үлкенге аға, кішіге ақылшы болған ардақты азаматтың өмір жолы көпке өнеге, – деді.
Одан соң, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ардагер журналисті Арал ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады. Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев қала әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтауы мен сый-сияпатын, 30 мыңға жуық ардагердің атынан құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ, Қазалы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекбанов:
– Құрметтің зоры – халықтың ықыласына бөлену. Арал мен Қазалының ортасын жол қылып, қос ауданның мақтанышы болдыңыз. Өмірлік өнегеңізді жастарға көрсете беріңіз, – деп, Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаевтың құттықтауын жеткізді.
Ал, Арал ауданының құрметті азаматы А.Көшербаев журналист мақалалары бойынша бір үзік естелік сыр шертті. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары И.Оңғарбаев пен К.Бедер лебіздерін білдірді. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев ардагер-журналист туралы облыстық басылымдарда жыл бойы мазмұнды мақалалар жарияланғанын, болмысымен, ірі сөзімен елдің құрметіне бөленген қаламгердің абыройлы жолы кейінгі толқынға үлгі екенін жеткізді. Мерейтой иесіне Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы мен «Сыр медиа» ЖШС атынан құттықтау хат пен сый-сияпат тапсырды. Мерейтойлық шарада қаламдас інілері, жазушы А.Сәдібеков журналистің өзіндік стилі туралы ой толғаса, ақын Т.Абылаевтың мазмұнды жыры жиналған қауымды бір серпілтті. Сонымен бірге, қаламгер ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтың, Жалаңтөс баһадүр атындағы республикалық қор төрағасы Н.Мұсабаевтың және жазушы С.Жұбатырұлының құттықтауын қабыл алды.
Мерейтойлық шараның мәнін М.Сыдықовтың әндері мен күйлері, А.Тұяқованың арнау жыры, жас өнерпаздардың әндері аша түсті.
«СБ» ақпарат.