ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

 Еліміздің саяси және рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Жаһандық геосаяси кеңістікте еліміздің беделін арттыруда Президент Жолдауларында көрсетілген межелердің алатын орны ерекше екендігін уақыт көрсетіп отыр.
5 қазандағы Жолдаудың өн бойында үйлесімді түрде байланыс­тырып жатқан басты басымдық – қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіру. Кең саяси-экономикалық айналымға «қолма-қол ақшасыз экономика» ұғымын енгізе отырып, Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатының басты факторы ретінде жалақыны өсіруге баса назар аударды. Ол үшін 1,3 млн адамның еңбекақысының ең төменгі мөлшерін 1,5 есе – 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Елбасы атап өткендей бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, ол орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Елбасы төменгі жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бастамаларды ірі компаниялар қолдайтынына сенімді. Бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіліп жатса, бұл елдің, халықтың мүддесі болып табылады. Осыған орай, қазіргі экономиканың күретамыры саналатын шағын және орта бизнес­ке қолдау көрсете отырып, табыс­ты болған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту керектігін атап көрсетті. Бұл 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Ұлт Басшысы экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесін экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиістігін атап көрсетті. Бұл орайда Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Елбасы басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 млрд теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуге тапсырма берді.
Қазақстан Президенті Жолдауда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызға дейін көтеруді, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдерді өзгертуді, алдағы жылы педагог мәртебесі туралы заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына талаптардың күшейтілетінін атап көрсетті.
Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болғандықтан бұл орайда ауылдық жерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Алдағы жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуі тиіс. Бұл, Елбасы атап көрсеткендей, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттың саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген ұғымды білдіреді.  Елбасы осы орайда Үкіметке бірқатар тапсырма берді.  
Сонымен қатар, Жолдауда емхана қызметкерлерін ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген аймақтық медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 процентке көбейту айтылды. Мұнда алғашқы медициналық көмек маңызды рөлге ие болуы тиіс. Бастапқы буын медицина қызметкерлерінің міндеті – ауруларды ерте анықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, пациенттермен бірлесіп халықтың денсаулығын да тиімді басқару. Ол үшін бүгінгі таңда  тиісті мамандарды оқумен қамтып, жоспарлы жұмыстарды жүргізу керек. Елбасы өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет екендігін де баса айтты. Сондай-ақ, азаматтар сұранысына сәйкес бейімделген мемлекеттік аппараттың міндеттеріне тоқталды. Ең маңыздысы, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы керек екенін атап көрсетті. Әрбір қазақстандық жүргізіп жатқан реформалардың мәнін және олардың отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергенін жеткізді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде экономиканың нақты секторын дамытуда қаржы секторының рөлін арттыру мен ұзақ мерзімді эко­номикалық тұрақтылықтағы қар­жы секторының рөлін арттыру керектігін нақтылады. «Бағаның өсуі, қаржыландыру қолжетімділігі мен банктердің тұрақтылығы халықты ең көп толғандыратын мәселе. Үкімет Ұлттық банкпен бірігіп нақты сектор мен қаржы саласын сауықтырудың жолын табуы керек. Экономиканы қаржыландыруды қатаң бақылау керек. Қайтара алмайтын кәсіпорынға несие бермеу керек», – деді Президент. Бұған дейін басты назар өнеркәсіп, көлік, банктер мен экономиканың өзге де салаларын дамытуға бөлінген болса, енді халықтың тұрмысын жақсарту мәселелеріне ден қойылып отыр.
Осы орайда, ең алдымен назар аудартқаны – Жолдау аза­мат­тардың тұрмыс-тіршілігіне, өмір­лік маңызды мәселелерге және әлеуметтік қорғалуына бағдарлануы болды. Менің ойымша, Үкімет қыз­метінің адамды дамытуға және қа­зақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталуы – аса назар аударуға тұрарлық әрі құптарлық іс.
Жолдауда отбасы мен жастар мәселесі, отандастарымыздың табыс табу деңгейі, республикамыз бойынша жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы мен экология сияқты өзекті мәселелер қозғалған. Осының бәрі көрсетілген Жолдау біздің еліміздің өмір сүру сапасын арттырудың жаһандық стратегиясын білдіреді деп нық сеніммен айтуға болады.
Сонымен бірге бұл Жолдаудағы барлық атап көрсетілген тапсырмалар қазынашылық департаменті ұжымында қызу талқыланып, әріптестер өз ойларын ортаға салып, бекітілген  межелердің уақытында орындалуына біздің департамент ұжымы да атсалысатын болады.

Ә.ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2018 г. 496 0