«ҚазАвтоЖол» Павлодар филиалының басшысы орынбасарымен бірге ұсталды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі көлік саласында бірқатар лауазымды тұлғалардың ұсталғаны туралы мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 «Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Павлодар облыстық филиалының басшысына және оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Аталған тұлғалар «Астана-Павлодар-Семей» автожолын қайта қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алу шарты шеңберінде орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін мердігер ұйымның басшысынан пара алды деп күдікке ілінді», - деді бүгінгі брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.
 Парақорлық күдігіне, сондай-ақ Автомобиль жолдары комитетінің «Павлодар жол лаборатория» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы іліккен.
«Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Автомобиль жолдары комитетінің «Павлодар жол лаборатория» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ол «Астана-Павлодар-Семей» автожолын қайта қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алу шарты шеңберінде орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерлерден бірнеше мәрте пара алды деп күдіктелуде. Тергеу жалғасуда», - дейді Жанна Бастарова.  


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2018 г. 829 0