
Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес бүгінгі қоғамда қыздар арасында діни экстремизмнің алдын алумен қатар, дәстүрлі құндылықтарды жетілдіру бағытында Студенттер сарайында республикалық форум өтті.
«Қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлі» тақырыбын арқау еткен форумды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов ашып, талқыланатын тақырыптардан хабардар етті. Бұдан әрі форум жұмысын облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева жүргізді.
Жасыратыны жоқ, дін тақырыбына дендеп еніп, сауатты талдау жасайтын мамандар саусақпен санарлық десек, қателеспейтін шығармыз. Осы орайда ҚР ҚДМ ҚКК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызының «Қазіргі Қазақстан қоғамындағы әйел мәртебесі» тақырыбында жасаған баяндамасы көптің көкейіндегі көптеген сауалға жауап болған сынды. Елімізде деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды көптің назарына ұсынып, күрделі түйіндерді тарқата түсіндірді. Сондай-ақ, жоғарыда аталған орталықтың бастамасымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанынан құрылған «Қыз Жібек» қыздар клубының жұмысына жақсы баға берді.
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, PhD докторы Шамшат Әділбаеваның баяндамасында әйелдер жамағаттары арасында діни сауаттылықтың маңыздылығы жайлы сөз қозғалып, осы орайда отбасы құндылығын сақтаудағы әйелдің орны төңірегінде тұжырымды ойлар айтылды. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің «Оңалту орталығы» КММ директоры Альбина Сембекова қазақ халқының ежелден қалыптасқан мәдениеті деструктивті діни ағымдарға қарсы қалқан болатынын дәйекті мысалдармен дәлелдеп берді. Сондай-ақ, форум барысында Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов талқыланған тақырыптарға сай орнықты ой-пікірін ортаға салды.
Жиын соңынан осы салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ қыз-келіншекке облыстық ішкі саясат басқармасының алғыс хаты мен естелік сыйлығы табыс етілді. Аталған форумға аймақтағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарының қыздар клубы, мешіттердегі әйел жамағаттары, дінтанушы мамандар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Ғазиза Әбілда,
"Сыр бойы".