Үстіміздегі жылдың мамыр айының 18-23 аралығында Қызылорда қаласында Аралбай Махамбетовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан кубогының бірінші кезеңі басталады.
Оған Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының командаларынан 146 шахматшы қатысады деп күтілуде. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылатын ел кубогында 10 және 14 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар шеберлік байқасады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша өтеді. Әр ойыншыға 2 сағаттан беріледі. «Мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, шахмат ойынын дамыту, спорттық шеберлікті арттыру, жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру. Сондай-ақ, 17 мамыр күні халықаралық гроссмейстерлер Нұрлан Ибраев пен Әнуар Исмағанбетовтың қатысуымен шеберлік класы өтеді. Жарыстың салтанатты ашылуы 18 мамыр күні сағат 12.00-де студенттер сарайында болады» деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.