
«Шабдалы» деген атпен белгіленген картинаны «Асыл арна» телеарнасының тапсырысы бойынша Жетісай қаласында түсірген.
Фильмге халық арасындағы танымал оқиға арқау болған. Бұл оқиғаны білетіндердің және бөлісетіндердің бірі - танымал жырау Алмас Алматов. Фильм сценарийін картина режиссері Жандос Құсайынов жазды. Ал идея авторы – арнаның директоры Мұхамеджан Тазабек.
«Шабдалы» фильміндегі негізгі оқиға 2000-жылдары болған. Табысты заңгер болуды армандаған астаналық жоғары оқу орнының студенті оқу бітірген соң Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынына тұрмысқа шығып, Жетісайға көшіп келеді. Бойжеткеннің анасы бұл әрекетке аса қуана қоймайды, себебі, қызының мансап құрып, жоғары қызметте істейтінінен үмітті еді. Әйел қолынан келгеннің барлығын жасап, қызын үйге қайтаруды ұйғарады.
Авторлардың айтуынша, «Шабдалы» - қоғамымыздағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды көрсететін кино.
Кейіпкерлерді Шолпан Елгезекова, Дархан Манақов, Айдана Қызылқұлова, Жарас Ахметов, Абай Аязбаев және т.б. сомдайды.
Сондай-ақ, таспаны түсіруге екінші режиссер Санат Омархан, қоюшы оператор Еркін Сәтенов және атқарушы продюсер Қадыржан Құлманов атсалысты. Шығармашылық топ Жетісайдағы түсірілімді аяқтап болған соң, жұмысты Шымкент пен Түркістанда жалғастыратын болады.
https://www.youtube.com/watch?v=UVZEFgahZkA&feature=youtu.be