Атырауда Теңіз кен орнындағы «Болашақ» вахта кентінде жұмысшылардың жаппай улану жағдайын тексеру аяқталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тексеру барысында Теңіз кен орнында «Болашақ» вахталық кентінде жұмысшылар асханадан тамақтанған соң жаппай уланған. Барлығы 28 адам зардап шеккен. Оның 24-і Жылыой аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылса, төртеуі - вахталық кенттегі ТШО клиникасына орналастырылды. Қазіргі таңда олардың барлығы сауығып, медициналық мекемеден шығарылды және жұмыстарына кірісті. Басты себеп - асханада санитарлық қауіпсіздік нормаларының сақталмауы. Зертханалық талдау адамдардың сальмонеллез салдарынан уланғанын көрсетті. «Тексеру барысында анықталғандай, «Монтажспецстрой» компаниясының жұмысшыларын тамақтандырған кейтерингтік компания санитарлық дәрігерлердің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысынсыз заңсыз тамақтандыру қызметін көрсеткен. Анықталған заң бұзушылықар бойынша барлық материалдар Жылыой АІІБ-ге берілді», - деп хабарлады Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уаисов. Еске салайық, 16 қазанда «Болашақ» вахталық кентіндегі асханалардың бірінде кешкі астан кейін жаппай улану жағдайы тіркелген еді.