
Таңертең радардан жоғалып кеткен "Боинг-737" ұшағын іздеген құтқарушылар оның сынықтары мен жолаушылардың жеке заттарын тапты. Әуе кемесі бортында 188 адам болған деп хабарлайды Риа Новости.
Жергілікті Detik порталының мәліметіне сәйкес, ұлттық іздеу және құтқару Агенттігінің басшысы Мохаммед Саюги оқиға орнына тікұшақтар мен кемелер жіберілгенін айтқан.
Іздеу тобының құрамында ұшақ құлаған аумақты жіті тексеретін құтқарушылар жасағы да болған.
Jakarta Post басылымы радардан жоғалған ұшақтың Индонезиядағы Ява аралының батыс жағалауына құлағанын мәлімдеді.
Арада бірнеше уақыт өткен соң апат орнына жеткен кемелер ұшақтың теңізге құлағанын айтқан. Ол Батыс Ява провинциясы жағалауынан табылыпты.
Іздеу барысында құтқарушылар ұшақ сынықтары мен жолаушылардың жеке заттарын тапқан.
Қазіргі уақытта экипаж мүшелері мен жолаушылардың жағдайы туралы еш мәлімет жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Джакартадан ұшып шыққан Boeing 737 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағаны белгілі болған.
Straits Times басылымының хабарлауынша, ұшақ аспанға көтерілгеннен кейін 10 минутта соң радардан көрінбей кеткен.
Джакартадан Индонезияның Панкалпинанг қаласына ұшқан Boeing 737 ұшағы жергілікті уақыт бойынша 6.20- да ұшып, сағат 6.33-те жоғалып кетті.
Ұшақтардың ұшуын қадағалап отыратын Flightradar ресурсының деректері бойынша, лайнер Ява теңізінің үстінде жоғалып кеткен.
Алдын ала дерек бойынша, жоғалып кеткен Lion Air әуе компаниясының ұшағы Индонезиядағы Ява аралының батыс жағалауы маңына құлаған.