« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Әр Олимпиада мен әлем, Азия чемпионаттарынан жүлдесіз қатпайтын бокс спортының елімізде қанат жайғанына биыл 85 жыл толды. Анығын айтқанда, бүкіл Қазақ жұрты жыл сайын 28 қазанда бокс күнін атап өтеді. Жекпе-жек өнерін елімізге ең біріншілерден болып Шоқыр Бөлтекұлы әкелгенін бокс жанкүйерлері әлі ұмыта қоймаған болар.
Бейнелеу өнеріне бейім болған Шоқыр Бөлтекұлы суретші болу мақсатында Баку мен Киевтегі сурет институтына оқуға түседі. Институтта оқып жүріп, бокс үйірмесіне қатыса бастаған ол оқуын аяқтап, 1936 жылы елге келгенде Бүкілқазақстандық спартакиада ұйымдастырылып жатқан екен. Спорт бағдарламасына бокс жекпе-жегі де енгізіледі. Бірақ бұл жарыста Шоқырға қарсылас табылмайды. Осы кезден бастап ел басшылары бокс спортын дамыту керек деп шешіп, Шоқырды Мәскеу мен Ленинградқа тәжірибе алмасуға жібереді. Қазақ бокс тарихы дәл осы жерден бастау алып, сол жылдың қазан айында Қазақстанда тұңғыш бокс үйірмесі ашылады. Шоқыр Бөлтекұлы боксшы ретінде 223 рет шаршы алаңға көтеріліп, 199 кездесуінде жеңіске жеткен.
«Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап, шәкірт тәрбиелеп, жастарды боксқа баулыды. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бастап барды. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты шәкiрттер тәрбиеленiп шықты», дейді Қасым Сырбайұлы «Қазақпаратқа» берген пікірінде.
Шоқыр Бөлтекұлы қазақ боксын дамытуды өзіне парыз етіп, қолынан келгенше шәкірттеріне көрген-білгенін үйретуден жалықпаған. Бүгінгі қазақ боксының ахуалын көріп, Шоқыр атамыздың еңбегінің еш кетпегеніне толық көз жеткізе аламыз. Оның шәкірттерінен кейінгі буын да әлем алдындағы қазақ боксының мәртебесін асқақтатпаса, төмендеткен жоқ. Мысал ретінде, әлем чемпионы Валерий Рачков (1978 ж), 1980 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы – Серік Қонақбаев. 1989 жылы Еуропа мен әлем чемпионы атанған – Игорь Ружников. 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада ойындарында Александр Мирошниченко КСРО қоржынына соңғы қола медальді салған болатын. Сонымен қатар, 1989 жылғы әлем чемпионатының финалына шыққан-ды. Айта берсек, тізім мұнымен түгесілмейді.
Айтжановпен келген айтулы жеңістер
Бокстан Қазақстан құрамасы Олимпия ойындарына дербес мемлекет ретінде 1996 жылдан, әлем чемпионатына 1993 жылдан, Азия чемпионаты мен Азия ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып, жүлде үшін жұдырықтасып келеді.
Тәуелсіздік алған тұста ел мерейін үстем еткен Атланта Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы, «Вэл Баркер» кубогын иегері Василий Жиров, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбыраймов пен Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Болат Жұмаділов, «Вэл Баркер» кубогының соңғы иегері Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, «техникасы ең шебер боксшы» атанған Серік Сәпиевтердің жетістігін ауыз толтыра мақтанышпен айта аламыз.
Десе де, Қазақстан бокс федерациясына қазіргі президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың келуімен қазақ боксы бұрынғы биігінен түспей, дәрежесі одан әрі арта түсті. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін ұлттық құрама тізгінін Дамир Буданбековтан қабылдап алған Мырзағали Айтжанов екі Олимпиадалық цикл, бес әлем чемпионатына, бес Азия біріншілігіне боксшыларды ұлттық құрама бас бапкері ретінде алып барған. Боксқа сіңірген еңбегі арқасында ол 2014-те АИБА-ның жыл бапкері атағын жеңіп алды. 2009 жылы Тимур Құлыбаев бокс федерациясына президент, Айтжанов бас бапкер болып келген жылдан бүгінге дейін бокстан ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Олимпиададан екі алтын, үш күміс және екі қола медаль иеленіпті. Бес әлем чемпионатында бес алтын, сегіз күміс пен сегіз қола жүлдені құрама қоржынына салған. Ал Азия чемпионаты мен Азия ойындарында 24 алтын, 14 күміс және 11 қола медаль иеленген. Тоғыз жылда Мырзағали Құланұлы бапкерлік ететін ұлттық құрама жалпы жиынтығы 77 медаль (31 алтын, 25 күміс пен 21 қола) жеңіп алды.
- «Астана арландары» бокс клубының бас бапкері, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаевтың ұстазы Нұрлан Ақүрпеков «Қазақ боксы әлемде не үшін мықты?» деген сауалға «Өйткені, бокс біздің қанымызбен араласып кеткен. Бокс спорты біздің қанымызда болғанымен, боксшыларға жағдай жасалмаса, мемлекеттен қолдау болмаса құнарлы жерге тал егіп, оны баптамай қойғанмен бірдей. Сондықтан, жоғарыда атап өткен жетістік бізге оңай келген жоқ. Барлығы төккен тердің, еткен еңбектің арқасында келді. Білікті басшылардың қолдауымен, боксқа деген көңілдің бөлуімен келген жетістік, - деп жауап берген болатын sports.kz сайтына берген сұхбатында.
«Астана арландарының» айбары
2010 жылы жанкүйерлердің боксқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында сол уақыттағы АИБА президенті Чинг-Куо Ву құрған жаңа «Дүниежүзілік бокс сериясы» (WSB) жобасын тез арада көрерменнің қызу қолдауын тауып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бастады. Алғашқы екі маусымда қатысатын командаларының саны артып, жоба өзінің өміршең болатынын дәлелдеп тастаған-ды. Міне, биыл WSB турнирінің сегізінші маусымы аяқталды. Бұл жобаға еліміздің атынан «Астана арландары» командасы әлі күнге дейін қатысып келеді және жобаға сегіз маусым бойы үздіксіз қатысып келе жатқан жалғыз команда.
«Арландар» алғашқы маусымда-ақ финалға шыққанымен алтын жүлдеге қол созым қалған жерде жеңіліп қалды. Екінші маусымда үшінші орын алса, үшінші маусымда ғана чемпион атанды. Төртінші маусымнан бастап турнирге Куба боксшылары қатыса бастады. Дәл осы кезеңнен бастап (2014 жыл) кубогты «Куба қабыландары» мен «Астана арландары» алма-кезек иеленіп келеді. Сол жылы кубалық боксшылар жеңіске жетсе, бесінші маусымда «Арландар» өздеріне тиесілі атақты қайтарып алды. Ал келесі маусымда қайтадан кубалықтар иеленсе, былтыр «арландарға» тең келер қарсылас табылмады. Ал биыл дәстүрден жаңылмаған «Куба қабыландары» Қытайда өткен финалдық айқаста жерлестермізді қапы қалдырды.
Дегенмен, «Астана арландары» сегіз маусымда үш рет бас жүлдені иеленіп, бір рет күміс жүлде және үш рет қола медальді қанағат тұтты. Бұл жоба біз үшін өте қажет турнир болды. Біріншіден, ұлттық құрамадан орын ала алмаған боксшыларға өзін дәлдеу үшін мүмкіндік алаңы болса, екіншіден сол ұлттық құрамаға қабылданған боксшылардың тәжірибесін шыңдау үшін тамаша мектеп болды. Тіпті, «арландарда» жұдырықтасқан бірнеше боксшыларымыз қазір кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүр. Өздері де кәсіпқой бокста WSB жобасында жинаған тәжірибелері үлкен көмегін тигізіп жатқанын айтады.
Жировтан Жүкембаевке дейінгі кәсіпқой бокс
Қазақстандықтар арасынан кәсіпқой боксқа алғашқылардан болып Олимпиада чемпионы Василий Жиров шыққан белгілі. «Балқаш жолбарысы» атанып кеткен отандасымыз кәсіпқой рингте бірқатар табысқа жетіп, WBC және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Жалпы саны 42 кездесу өткізіп, оның 38-ін жеңіспен аяқтаған. 32 қарсыласын нокаутқа түсірсе, 3 кездесуінде жеңілген. Бір айқасы тең есеппен аяқталған. Жировтың ізін ала кәсіпқойлар аламанына Геннадий Головкин қосылды. Германиядағы сәтсіз жекпе-жектерінен соң отандасымыз кәсіпқой бокстың отаны АҚШ-қа барып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастады. Бұл шамамен 2010 жылдар болатын. Дәл осы жылдан бастап қазақстандық боксшылар бірте-бірте кәсіпқой боксқа ауыса бастады. Яғни, Геннадий Головкин қазақ боксшыларының кәсіпқой боксқа деген ынтасын ашып, Олимпиада ойындарынан кейін де спортшылар үшін бокс бар екенін дәлелдеп берді. Өйткені, бұған дейін елімізде әлеуеті жоғары деген боксшыларымыздың басы мақсаты – Олимпиадаға қатысу болатын. Сол уақыттағы боксшылар үшін Олимпиада – бокстың ең биік шыңы болып есептелетін. Ал қазіргі уақытта бокстың ең биік шыңы – кәсіпқой бокс болды.
Қазіргі таңда мұхиттың арғы бетінде 20-ға жуық отандасымыз кәсіпқой шаршы алаңда жекпе-жекке шығып жүр. Америкада жүрген Жәнібек Әлімханұлы (3-0, 1 КО), Асхат Уәлиханов (4-1-0, 2 КО) және Сағадат Рахманқұлов (3-0, 1 КО) қазіргі таңда әлемге әйгілі промоутер Боб Арум жетекшілік ететін Top Rank промоутерлік компанияның құрамында. Ал Мадияр Әшкеев (10-0, 6 КО) пен Мейірім Нұрсұлтанов (9-0, 7 КО) бүгінде әлемнің экс-чемпионы ресейлік Сергей Ковалевпен бірге «Mаіne Event» промоутерлік тобында жаттығады. Промоутері – Кэтти Дува, менеджері – Эгис Климас.
Ал Канада елінде жекпе-жек өткізіп, қарсыластарын бір минутқа жеткізбей қоғадай жапырып жүрген Батыр Жүкембаев (14-0, 12 КО) пен Садриддин Ахмедов (4-0, 4 КО) батыс жанкүйерлерін таң қалдырып жүр. Бұл боксшылар Геннадий Головкиннің қарсыласы болған канадалық Давид Лемьемен бірге Камиль Стефанның промоутерлігінде. Ал менеджері – Анна Рева.
«Соңғы уақытта Қазақстанда әуесқой боксқа қарағанда кәсіпқой бокста бағын сынағысы келетін боксшылардың қатары күн сайын артып келеді. Қазір барлығы ұлттық құрамаға ілінуін, әр төрт жыл сайын бір келетін Олимпиаданы күтпей-ақ, карьерасын ары қарай жалғастыра беруіне болады. Оған ешқандай тосқауыл жоқ. Ал осыдан 4-5 жыл бұрын бәрі керісінше болатын. Боксшылар жыл сайын ел чемпионатына қатысып, ұлттық құрамаға ілінуін ғана ойлап жүретін. Қазақ боксшыларының кәсіпқой боксқа ауысып жатқанын өз басым құптаймын. Алдағы 4-5 жылда Америкада қазақ боксшылары «билеп-төстейтін» болады», дейді «Егемен Қазақстан» газетінің спорт шолушысы Әли Битөре.
АИБА-ның Қазақстанға тартуы
Сонымен қатар қазақ боксының 85 жылдағы тағы бір жетістігі ретінде Алматы облысының Талғар қаласында салынған АИБА бокс академиясын айта аламыз. Құрылысы 2011 жылы басталып, 2014 жылы пайдалануға берілген бұл академия Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АИБА) экс-президенті Чинг-Куо Ву мен Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың келелі келісім арқасында салынды. АИБА өз академиясын алыс-жақын көрші елде емес, біздің яғни, қазақ жерінде салуы да тегін емес. Мұны қазақ боксының әлемдегі беделі мен жеткен жетістігінің арқасы деп білеміз.
«Қазақ спорты мен боксы әлемге үлгі болып, күн сайын жаңа қарқынмен дамып жатқандықтан, АИБА-ның таңдауы Қазақстанға түсті», – деген болатын АИБА-ның экс-президенті Ву мырза академияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Қазіргі таңда бокс академиясында тек былғары қолғап шеберлері ғана емес, Олимпиадалық спорт түрі бойынша ұлттық құрамаларымыз да осында жаттығады. Сондай-ақ, шетелдік спортшылар да Талғарға келіп, қазақ спортшыларымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізіп кетеді.
Біз тілге тиек етіп, ерекше атап өткеніміз қазақ боксының 85 жылдық тарихындағы жетістіктің бір парасын ғана деп есептеңіз. Сондай-ақ қазақ боксының жетістігі мен тарихы мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістікке жететініне күмәніміз жоқ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |