Түрік фильмдерінің апталығы өтеді

 Түркия Республикасы Мәдениет және Туризм Министрлігінің, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен, Ұлттық ой-пікір қауымдастығы тарапымен ұйымдастырылатын "4-ші Түрік фильмдері - Алматы" апталығы 29 қазан мен 2 қараша аралығында Алматы қаласында өтеді.

Фестиваль 30 қазан күні Мұрат Шекердің "Біздің мереке" ("Görevimiz Tatil") фильмімен ашылады. Көптеген фильмдер мен сериал актерлары, режиссерлардың қатысуымен өтетін фильм аптасына Түркия Президентінің бас кеңесшісі және Ұлттық ой-пікір қауымдастығының төрағасы Ялчын Топчу, Ақ партия депутаты және Президент аппаратының маманы Фатих Топакташ, сондай-ақ "Ертугрул. Қайта тірілу" сериясының актерлары Сезгин Ердемир, Дидем Балчын, Бешикташ мәдени орталығының (BKM) фильм үйлестірушісі Фырат Сезгин, Кинематографистердің кәсіби қауымдастығы (FİYAP) Бас хатшысы Ахмет Эдебали және апталықтың бас үйлестірушісі Онер Кылыч қатысады. Бір аптаға созылатын шарада  "Тұмар және Махаббат Құпиясы" (Muska ve Aşkın Sırrı), "Сомунджу Баба" (Somuncu Baba) фильмдері "Арман" кинотеатрында тегін көрсетілетін болады. Сонымен қатар  фильм көрсетілімдерінен кейін әртістер мен көрермендер арасында кездесулер өткізіледі. Түркиядан келген делегаттармен басқосулар ұйымдастырылып, ортақ өндірістер туралы екіжақты келіссөздер мен талқылаулар өткізілетін болады. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында  да сұқбат алаңдары ұйымдастырылады. Айта кетейік, ауқымды шараға  "Zugo Textile", "Altınyıldız Classics", "Atiker Auto Gas Systems", "Alatau Construction Services", "Тем-Тур" және "Алматы" қонақ үйі қолдау көрсетеді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қазан 2018 г. 553 0