Дәурен Абаев: Ұялы телефонды сим-картаға тіркеу үшін бес амал-әдіс ұсынылып отыр

Ұялы телефонды сим-картаға тіркеу үшін байланыс операторлары бес амал-әдіс ұсынып отыр. Ол амалдардың ең қарапайымы - СМС-хабарлама жолдау. Бұл туралы «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтан бағдарлама жүргізушісі жақында ел ішінде ұялы телефондарға қатысты болатын өзгерістерге байланысты сауал тастады «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтарына өзінің ұялы телефондарын сим-карталарына тіркеу міндеттеліп отыр. Осы аптада ІІМ өкілдері мұның бәрі ұялы телефондардың ұрлығын азайту үшін жасалып отырғанын атап өтті. Яғни, тіркелген ұялы телефонды ұрлаудың еш мәні қалмай қалады. Мақсат әлбетте, дұрыс бағытта. Алайда процедура қалай жүргізіледі? Осы процедурадан өту үшін қазақстандықтар не істеуі керек», - деп сұрады жүргізуші. Дәурен Абаевтың жауабына сүйенсек, осы мәселенің күрделілігін ескере отырып, аталмыш шаруаға 1 жылдай уақыт берілген. «Бір жылдың ішінде тіркеу процедурасын барынша жеңілдету жұмыстарын жүргіздік. Мобильдік қызметті алған кезде, яғни сіз біреуге қоңырау шалсаңыз немес СМС-хабарлама жіберген, интернетке кірген уақытта байланыс операторы телефонның IMEI-кодын көріп отырады. Сәйкесінше, жаңа жылдан бастап сим-карта нақты азамат пен оның ұялы телефонына бекітіледі. Қазіргі уақытта операторлар тіркеуден өткеніңіз туралы білу үшін бес амал-әдісті ұсынады. Олардың ең қарапайымы - СМС-хабарлама немесе жедел теру арқылы іске асырылады. Тіркеу туралы барлық қажетті ақпараттар ұялы операторлардың сайтында бар», - дейді Дәурен Абаев. 

Министрдің айтуынша, абоненттер үшін кеңселерді аралап, кезекте тұрудың қажеті жоқ. «Қазіргі таңда тіркеуден 12 миллионға тарта сим-карта өткізілді. Күзет немесе автокөлік сигнализациясын, автокөлікпен байланысты өзге де құрылғыларды тіркеудің қажеті жоқ. Бұны не үшін айтып отырмын? Себебі, осыған байланысты да көптеген сұрақтардың туындап жатқаны өтірік емес», - дейді Дәурен Абаев. Еске сала кетсек, 2019 жылдан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейтінін хабарлаған болатынбыз. Яғни, жоғалған телефондарды іздеу жұмыстарын жеңілдету, сонымен қатар қылмыстарды тергеуге көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан тұрғындары өздерінің ұялы құрылғыларына ЖСН-іне тіркеуі қажет. 2019 жылдан бастап тіркелмеген гаджеттерге ұялы байланыс қызметін көрсету доғарылады.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қазан 2018 г. 495 0