
Жуырда Алматы облысына қарасты Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында запастағы офицерлерге арналған бір айлық жиын өтті.
Оған 22-37 жас аралығындағы әртүрлі мамандықта қызмет атқаратын ер азаматтар қатысты. Біздің аймақтан 17 офицер қатысқан жиынның негізгі мақсаты – әскерилердің функционалдық міндеттерін жетілдіру, жауынгерлік әзірлігі мен тапсырмаларды орындау қабілеттілігін тексеру еді. Әскери дайындық бойынша қатысушылар институт оқытушыларынан дәріс алып, қару-жарақ, жарылғыш заттармен жұмыс, алғашқы медициналық көмек, дене дайындығы және химиялық зиянды заттарды ажырату мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша білімдерін пысықтады.
–.Өткізілген дәрістерде көптеген қажетті мәлімет алып, білімімді шыңдадым. Қолымыз бос уақытта арнайы әдебиеттер оқыдық. Сонымен бірге, ондағы мәдени-демалу орталығының ұйымдастыруымен әскери музыкалық топ пен курсанттар өз өнерлерін көрсетіп, тамаша көңіл-күй сыйлады. Бастысы, үйренген біліміміз тек бейбіт жағдайда қолданылса деген тілек бар, – дейді запастағы лейтенант Ерсұлтан Қоқасов.
Стратегиялық резерв дайындығын шыңдайтын бұл шара жыл сайын өткізіледі.
Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ.