«Қайсар» кубокта «Ақтөбеге» жеңіліп көрмеген...

«Қайсар» кубокта «Ақтөбеге» жеңіліп көрмеген...Бүгін, 14 мамырда кешкісін сағат 18.30-да Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда Қазақстан кубогының 1/8 финалы ойналады. Жергілікті «Қайсар»  өткен жылғы ел чемпионы – «Ақтөбе» командасын қабылдайды. Бұл ойын екі команданың кубок ойындарындағы үшінші кездесуі болмақ. 
Қуаныштысы, алғашқы екі кездесуде де жерлестеріміздің қанжығасы майланған. Екеуінде де 1:0 есебі тіркелді. Алғашқы матч 1997 жылдың 15 маусымында өткізілді. Командалар Қазақстан кубогының дәл қазіргідей 1/8 финалында жолыққан. Біздің команда сапынан шабуылшы Владимир Логинов мергендік танытып, осы гол кездесу тағдырын шешкен еді. Араға бес күн салғаннан кейін қарымта ойын өткізіліп, бұл жолы біздің командадан Дәулет Иманқұлов өз клубына жеңіс сыйлады. Осылайша жерлестеріміз жарыстың келесі сатысына шықты. 
Сол жылы жерлестеріміз Қазақстан кубогының ақтық сайысына дейін алқынбай жетті. Жарыстың келесі сатысы – ¼ финалдық ойында Екібастұз қаласының «Батырын» өз алаңында 3:1, сырт алаңда 1:0 есебімен жеңді. Ал жарыстың жартылай финалында Ақмола қаласының (Астана солай деп аталатын) «Астана» (қазіргі «Астана-1964») командасымен әуелі 1998 жылдың 10 маусымында өз алаңында 1:1 есебімен тең түсіп, оларды араға тұп-тура екі апта салып сыртта 1:0 есебімен жеңіп қайтты. Қазақстан кубогының финалдық ойыны 10 шілдеде Алматы қаласында өткізілді. Командалар ойынның негізгі кезеңінде 1:1 есебімен тең түсті. Тек қосымша кезеңде павлодарлықтар жеңіс добын соққан еді.
Үстіміздегі жылы «Қайсардың» алдына қойған міндеттің бірі – Қазақстан кубогына ие болу екені белгілі. Ендеше, бүгінгі ойында жерлестеріміз жанкүйерлерді желпінтерлік шеберлік көрсете алады деген сенімдеміз. Әйтсе де, жерлестеріміз осыдан 16 жыл бұрынғы жеңісті жолды жалғастырып, «Ақтөбені» орта жолда қалдырып кетеді деген сенімдеміз. Тағы бір айта кетерлігі, биыл ел біріншілігінде қос команда Ақтөбеде кездесіп, алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді. «Қайсар» футболшылары сол кеткен есесін қайтара ала ма? Оны бүгінгі кездесу барысында анықтайтын боламыз.          


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 мамыр 2014 г. 735 0