
140 жыл бұрын (1878-1924) ақын Омар Шораяқұы
дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған. Он алты жасынан өлең шығара бастаған. Ал алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз елге», т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілікті уағыздайды. Оның адалдықты үлгі ететін («Жарлы Тәліп», «Қара шекпен»), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен («Үш күлше») дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-дастаны - қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма.
Ақынның Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен жазбаша айтыстары, сондай-ақ, әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған. Оның шығармалары туралы алғаш рет М.Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты кітабын жазды. Ақын өлеңдері «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинақтарда жарияланған.