
Жуырда Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтті. Байқауға өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысты. Биылғы ерекшелік – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тұңғыш рет онлайн дауыс беру тәжірибесі енгізіліп отыр. Көрмеде сараптау комиссиясы қатысушылардың ішінен финалистерді анықтады. Қазақстандықтар 15-25 қазан аралығында отандық үздік өндірушіге дауыс береді. Финалистердің арасында Қызылордадан ерлер жейдесін өндіретін «Далатекс» және тұз өндіретін «Аралтұз» ЖШС-тері бар.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Далатекс» ЖШС басшысы Д.Абизов кәсіпкерлердің өз өнімдерін ілгерілетуге және өткізуге қызығушылығын арттырған көрме туралы айтты. Көрмеге қатысушылар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өнімінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды.
Келушілер «Далатекс» жейделерін сатып алып, отандық тауар көпшілікке кеңінен таныстырылды. Елбасы жаңа Жолдауында кәсіпорындарға халық тұтынатын тауарлардың кең ауқымын, «қарапайым заттар экономикасын» игеруді тапсырғаны белгілі. Сондықтан ішкі нарықты өз тауарларымызбен толтыруға талпыныс жасап жүрген жергілікті компанияларға онлайн дауыс беру арқылы қолдау көрсетейік.
«СБ» ақпарат.