
Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлінің айтуынша, биыл ауданда барлығы 17 790 гектарға егіс егу межеленіп, өткен жылдан 435 гектарға ұлғайту жоспарланған. Оның 6800 гектары күріш, қалғаны дәнді, мал азықтық дақылдар, картоп, көкөніс, бақша көлемін құрайды.
Айта кетерлігі, дақылдарды орналастыруда әртараптандыру бағытына ерекше мән берілген. Нәтижесі бөтен емес. Өткен жылмен салыстырғанда мақсары, жаздық бидай, тары ауқымы өсіп, арпа 103 гектар жерге себіліпті. Оған қоса ауданда алғаш рет «Рза-Агро» ЖШС аса құнарлы мал азықтық дақылдар өсіруді қолға алыпты. Егінді күтіп-баптауға баса мән беріліп, қажетті мөлшерде минералды тыңайтқыш сатып алынып, күріш арамшөптеріне қарсы қолданатын гербицидпен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ дақылдардың өсу дәуірі барысында оңтайлы мерзім ішінде тиісті агротехникалық шараларға сай күтіп-баптау жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілгенге ұқсайды.
Шаруашылықтар жаздық бидайдан 10,5 центнерден өнім алса, арпа мен мақсарыдан да тәуір өнім түскен. Сонымен қатар, бүгінге дейін 61мың тонна табиғи шөп дайындалған.
Дерекке сүйенсек, күріш түгелдей орылып, 6000 гектардан астамы бастырылды. Орта өнім гектарына 39,1 центнерден айналуда. Егін орағына жаңа үлгідегі қуатты техникалар қатысып, қазір диқандар шешуші науқанды ойдағыдай атқаруға жұмыла кіріскен.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы.