
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің» облыстық коалициясының мүшелері Жолдау жүктеген міндеттерді жан-жақты талқылап, Сыр халқына Үндеу жариялады.
Отырысқа коалиция мүшелігіндегі барлық партия жетекшілері мен белсенділері, ҮЕҰ өкілдері, аймақтағы ЖОО-ның оқытушы профессорлары, белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев саяси құжаттың ауқымдылығы мен маңызын жан-жақты баяндап, ондағы көрсетілген міндеттердің ел экономикасын ілгерілетуді көздейтінін атап өтті.
– Елбасы Жолдауындағы көрсетілген реформалар – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, әлемдік стандарттарға жеткізуге сол арқылы қоғам мен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отырған тиімді мүмкіндік. Сондықтан мұны іске асыруға ел болып жұмылуымыз қажет, – деді И.Құттықожаев.
Коалиция басқосуында Жолдауды жүзеге асыруға бағытталған өңірдегі жұмыстар да пысықталып, тиісті мекеме басшыларының хабарламалары тыңдалды. Мәселен, ақпараттық насихат жұмыстары барысын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов айтып өтті. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыста Жолдауды насихаттау бағытында арнайы медиа-жоспар әзірленген. Сондай-ақ, түрлі сала мамандарынан 44 ақпараттық топ құрылған. Олардың құрамында 259 азамат бар. Арнайы спикерлер тобы жасақталып, олардың пікірлері БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жариялануда.
Осыдан кейін аймақтық коалиция мүшелерінің Үндеуі таныстырылды. Онда әрбір азамат елдегі ауқымды өзгерістерге өздерінің қатысын сезінуі тиіс екендігі айтылған. «Елбасы Жолдауын іске асыру халықтың өмір сүру деңгейі мен еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нағыз серпіліс әкеледі. Біз, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» аймақтық коалициясы, аймақтағы ірі диалог алаңының бірінің мүшелері ретінде барлығыңызды Елбасы Жолдауын қолдауға және оны іске асыруға белсенді қатысуға шақырамыз» делінген.
Жиын соңында коалиция мүшелігіндегі партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің пікірлері тыңдалды.