
ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин Сыр еліндегі сапарында дін саласындағы облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен кездесті.
«Біздің мемлекетіміздің көздеген мақсаттарының бірі – кең құқық шеңбері мен бостандықтың үйлесімдігі. Соған сәйкес денсаулық сақтау, медициналық көмекке жүгіну, білім алу сияқты жалпыадамзаттық құқықтар мен бостандықтар наным-сенім мен ар-ождан бостандығымен шиеленіске келуге тиісті емес», – деді Ғалым Нұрмағамбетұлы.
Кездесу барысында АТТ мүшелері тарапынан біршама сауалдар да қойылды. Жаңа оқу жылы басында кей аймақтардың мектептерінде орын алған «хиджап» мәселесіне байланысты: «Қазақстанда мемлекеттік білім беру және тәрбие жүйесі де қатаң зайырлы сипатқа ие екенін және оның діни білім беру жүйесінен ажыратылғандығын баса айта кеткен жөн. Бұл жағдайда зайырлылық мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың бойында белгілі бір нақты дінге көзқарасын қалыптастыруға тыйым салынатынын білдіреді. Діни көзқарас қалыптастыру құқығы заң талабына сәйкес, діни оқу орындарын аша алатын республикалық немесе аймақтық мәртебеге ие діни бірлестіктерге ғана берілген» деп жауап берді сектор меңгерушісі.
***
Елбасы Жолдауына сәйкес Үкімет жанынан құрылған республикалық ақпараттық топ мүшелерінің сапары ауданда жалғасты. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Диана Сәрсенова Қармақшыда болып, аудан әкімдігінде зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Диана Бақытжанқызы Жолдауда айқындалған басымдықтарға, оның ішінде білім мен денсаулық, кәсіпкерлік, құрылыс салалары бойынша алдағы жылы жүзеге асырылуы тиіс тапсырмалар мен міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, ел келешегі – жастарды қолдау мақсатында арналған іс-шаралар жоспарына арналған басымдықтар мен аймақты дамыту мақсатында атқарылған ілкімді істер жайын баяндады.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, Үсен Томанов атындағы №183 орта мектептің директоры Алтынша Кенжеева Жолдаудағы ерекшеліктерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов түйіндеп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағы үшін жасап жатқан игі істеріне қармақшылықтар қашанда қолдау көрсететінін жеткізді.
«СБ» ақпарат.