ӨЗГЕНІ ТАНУ ӨЗ ӨЛКЕҢДІ ТАНУДАН БАСТАЛАДЫ

Студенттер сарайында «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» жобасы аясында «Сыр өңірі: ежелгі заманнан бүгінге дейін» тақырыбында тарихшылар слеті өтті. Оған жоғары оқу орындары мен мектепте тарих пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қатысты.
 «Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпыадамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Қазір мектептерде «Өлкетану» пәнін енгізу мен оны оқытудың негізгі мәселелері қызу талқылануда. Сыр өңірі қазақтың ежелгі астаналарының орнындағы тарихи мекен болғандықтан бұған дейін зерттелген тақырыптармен қатар әлі де ашылмаған ақтаңдақтар жетерлік.
– Өлкетану – отандық тарихтың құрамдас бөлігі болғандықтан, оны оқытуда архив материалдарын игерудің маңызы зор, – деді слетте Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры Т.Сәтбай. – Қазір 1 курстан бастап «Өлкетану» оқытылуда. Бірақ, мектептен келген шәкірттердің туған жердің тарихы, географиясы жөніндегі білімі таяз екенін аңғардық. Бұл – мектептің жіберген кемшілігі, – деді.
Жаңа пәнді үйретуде археологиялық дереккөздерді пайдалану да маңызды. Өйткені туған өлкеміз туралы деректер Европа, Ресей саяхатшыларының жазбаларында, одан арғысы осы археологиялық қазба арқылы табылған жәдігерлерде жатыр. ҚМУ Археология және этнография ҒЗО жетекшісі Ә.Тәжекеев ортағасырлық Сортөбе қалашығындағы археологиялық зерттеулер туралы айтып, ежелгі қаланың сақталған бөлігін қазу барысымен таныстырды.
Слетте облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің ғылыми қызметкері Е.Елеуов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Е.Баймырзаева, ҚМУ доценті Ғ.Тұяқбаев өлкетанудағы кейбір мәселелерге  тоқталды.

«СБ» ақпарат.  
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қазан 2018 г. 781 0