Жалағаш аудандық мәдениет үйіне облысымызға белгілі азамат Қонысбек Қазантаевтың есімі беріліп, ескерткіш-бюсті салтанатты түрде ашылды. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Жастайынан Ұлы Отан соғысына қатысып, халықты жаудан азат ету жолында күрескен жауынгер бөлімше командирі атағымен елге жеңіспен оралды. Соғыстан кейін ел басқару ісіне араласып, 1945-1963 жылдары Қармақшы, Шиелі аудандарында жауапты қызметтер атқарса, 1963-1985 жылдары Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды. Қонысбек Қазантаев қырық жыл бойы бірнеше ауданда еңбек етіп, ел алғысына бөленді. Бүгінде қайраткердің көзі тірі болғанда тоқсан жасқа толар еді.
– Қонысбек Төрешұлы осындай бедел мен құрметке қарапайымдылығы мен талапшылдығының, адалдығы мен әділдігінің арқасында сенім биігінен көрінді. Осы мәдениет үйін де салдырған Қонысбек Қазантаев болатын. Ол кісінің бастамасымен бой көтерген осындай рухани ошақтар халқына қалтқысыз қызмет жасап өткен қайраткердің атын өшірмейтін баға жетпес жәдігерлер секілді, – деді облыс әкімі.
«Шарада Қ.Қазантаевтың әріптестері, шәкірттері естеліктер айтты, ал ұрпақтары мәдениет үйіне «Газель» автокөлігін сыйға тартты. Одан кейін Қызылордада Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қ.Қазантаевтың өмір жолы мен қызметіне арналған танымдық конференция өтті» деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.