
Қызылордада танысының басын темірмен ұрып, оны ауыр жарақаттаған жігіттің 3 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Сотталушының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға барысы былай өрбіген. Сот алдына келген азамат үй ауласында таныстарымен сыра ішіп отырады. Бір сәтте ол танысының бірін сыра алып келуге дүкенге жұмсаған. Танысы одан бас тартады. Екеуара ерегіс болады. Танысы сотталушының бетінен шапалақпен салып қалады. Сол сәтте ол қолына темір алып жәбірленушінің басынан ұрады. Осылайша танысының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіреді.
Сотталушы өз кінәсін мойындады. Қызылорда қалалық №2 соты оны ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған пробациялық бақылау белгіленді.