Елдің тыныштығы үшін ат үстінен түспей, сынық сүйем жерді жат қолына бермеген баһадүр бабамыз Жанқожа батырдың өмірге келгеніне үстіміздегі жылы 240 жыл толады. Осыған байланысты Қызылорда қаласында Жанқожа батырдың ескерткіші бой көтермек.
Аталмыш ескерткішті салуға орай облыстық комиссия отырысы өткізілді. Онда конкурсқа Аманкелді Кененбаев, Жаркен Исмағұлов, Мұратбай Үмбетов және Қайырбай Зәкіров ұсынған 4 эскиздік жоба ұсынылды. Облыстық комиссияның қорытындысымен жоғарыда көрсетілген эксиздік жобалар Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді. Осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, сметалық-жобалау құжаты бойынша 59,7 млн.теңге қаржысы «Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесіне облыстық бюджеттен бөлінді.
«Мемлекеттік комиссия отырысында А.Кененбаевтың батырдың ат үстіндегі бейнесі көрсетілген жобасы қабылданды. Бұл ескерткішті Қызылорда қаласының орталық вокзал алаңына салу жоспарланып отыр» деп хабарлайды Қазалы ауданы әкімдігі баспасөз қызметі.