«БІЗДІ ҚОЛДАУ ҚАНАТТАНДЫРДЫ»

«Кәсіп бастау үшін қомақты қаржы керек деп тартынамыз. Шын мәнінде олай емес. Қазір идеяңды игілікке айналдыруда, бизнес-жоспар жасап, оны жетілдіруде мемлекет көмекке келеді. Тек алға ұмтылыс, санаға сілкініс керек». Бұл – Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылының тұрғыны Айдарбек Байсейітовтің пікірі. Бас­тауыш кәсіпкер биыл мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгініп, 530 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге қол жеткізген еді. Қуаныштысы, қолда барын ұқсата білді. Шағын наубайханасына  қажетті құрал-жабдық сатып алып, бизнесін береке көзіне айналдырды.
Кейіпкеріміз ұзақ жыл бойы ауылындағы «Мәди Қажы» ша­р­уа қожалығында механик қыз­метін атқарған. Денсау­лығына байланысты зейнет­керлікке шы­­ғуына тура келіпті. Айдарбек аға – ІІ топ мүгедегі. Бірақ, мүм­кіндігі шектеулі болса да, қол қусырып отырғысы келмеді. Өз ісін өркендету туралы ойына мемлекет ұсынған тиімді мүм­кіндік қанат бітіріп, табысты бизнес құруына себепші болды.
– Үйге асығып тұрған кісі келсе, «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нан­ның құдіретті ас екендігінің бел­­гісі. «Дастарқанымыздан нан үзіл­месін» деген ниетпен нау­байхана бизнесімен айна­лы­суға бел будым. Ісім оңға басып келеді. Ең бастысы, мем­лекеттің демеуіне ризамын. Бізге кәсіпкер атану үшін психо­логиялық әзірліктен бастап, бизнес-идеяны таң­дау, маркетинг ережелерін игеріп кету оңайға түспес еді, – дейді ол.
Той-думан, мереке қарсаңын­да тұрғындар Айдарбек аға­ның ша­ғын наубайханасына ағы­ла­ды. Иісі аңқыған шоколад пен ваниль, тәбет ашар тәттілер әле­міне соқпау да мүмкін емес. Мұнда ас атасы – наннан бастап, бидайдан өндірілетін өнімдердің сан алуан түрі бар.
– Жұмыс сәтті жүру үшін қажетті құралдардан бө­лек, өнімнің  сапалы болуы ма­ңыз­ды. Сондықтан біз кон­ди­­тер­лік жа­ңалықтармен жиі та­нысып, жа­ңа қоспаларды тәжі­ри­беде қол­дануға тырысамыз. Алма­ты­­лық кондитерлік ком­па­ния­лар­дың кеңесіне де сүйе­неміз. Өнімдерді дайындаумен әзірге келінім мен немерелерім айна­лысады. Сұраныс тек аудан дүкендерінен емес, қала орталығындағы сауда орындарынан да бар. Тұтынушылардың тал­ғамы биік. Әртүрлі мереке қар­саңында алдын ала дайында­лып, әйелдер қауымының жұ­мы­сын жеңілдетуге даярмыз. Ал­дағы уақытта жаңа ғимарат салуды көздеп отырмын. Ауыл тұрғындарын жаңа жұмыс орнымен қамтысам деген ойым бар, – дейді кейіпкеріміз.
Әңгіме барысында Айдарбек ағаның мұнымен тоқтап қал­май­ты­нын байқадық. Себебі, оның мемле­кеттік бағдарлама кө­мегімен өнім­дерді тасымал­дайтын автокөлікке қол жет­кіз­сем деген үміті бар. Аудан ор­та­лығындағы мектептер­ге жә­не мек­тепке дейінгі меке­мелерді серти­фи­катталған өніммен қам­туға да ынталы. 

Мөлдір Қалымбет,
"Сыр бойы".
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2018 г. 649 0