
Әйел – отбасының ұйтқысы, шаңырақтың берекесі ғана емес, шаруашылықтың қай саласында болсын, өзінің лайықты бағасын алып жүрген еңбеккер. Бүгінгі қоғамдағы шаруашылықтың қай-қайсысында болсын әйел қолының таңбасы барына сүйсінесің. Әлбетте, бұл – жаңа заманның тың талаптарының көрінісі. Әйелдердің қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы қашаннан жоғары бағаланады.
Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін әйелдердің тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделгіштігі мен ізденгіштігі де қадірін еселей түскендей. Нәзік жандылардың іскерлігі өздері қолға алған істен көрініс табады. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өркениетті ел болуы жолында еңбек етіп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Өзіміздің ауданымыздан да әртүрлі кәсіп көзін ашып, зор еңбекпен ел ықыласына бөленіп отырған аналар аз емес. Солардың бірі – бүгінде ауданымызға аты кеңінен танымал «Талапкер» ЖШС директоры, кәсіпкер Раушан Ақышева.
Ол 1982 жылы Алматы қаласындағы жеңіл өнеркәсіп техникумын технолог мамандығы бойынша бітіріп, осы салада технолог, цех меңгерушісі, инженер қызметіне дейінгі баспалдақтардан өтті. Уақыт өте «Талапкер» серіктестігін құрып, халық сұранысына орай жұмыс жүргізіп келеді.
– Әрине, алғашқы жылдары біршама қиындық болды, бірақ ұжыммен бірлесе күресе жүріп, мекемені тұрақты бір жолға қойдық. Бейнетсіз ештеңе де болмайды. Бірақ бізді осы қиын кезеңдерден алып шыққан «қалайда халыққа қызмет көрсетіп, ел үдесінен шығамыз» деген сенім мен алға қойған үлкен мақсатымыз болды. Қазіргі таңда тігін машиналарының барлығы заманауи үлгімен жабдықталған. Алдағы уақытта кәсіп көлемін кеңейтіп, тағы да тұрмыстық қызмет түрлерін қоспақпыз, – дейді мекеме директоры Р.Ақышева.
Қазіргі күнде «Талапкер» ЖШС-да 10 адам жұмыс істейді. Оның ішінде тігіншілер, әсіресе осы салада біраз жыл еңбек атқарған тәжірибелі қызметкерлер бар. Мекемеде талаптарға сай етіп жасалған киім үлгісінің барлық түрлерін сәнді етіп тігу, заманауи үлгідегі жалюз түрлерін, тұрмысқа қажетті басқа да өнімдерді дайындау цехтары қазіргі таңда халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.
– Мекемеде 20-25 жылдан бері тігінші болып келе жатқан С.Қарабаева, Г.Досманова және басқа да қызметкерлер сұраныс берушілермен тікелей жұмыс жасап, көңілінен шығатын киімдерді өлшеп-пішу және тігумен айналысады. Киім тігуге құлшыныс танытып, арнайы оқып жүрген жас студенттер тәжірибе жинап, ұлттық құрақ көрпеше, ұлттық ою ойылған киімдер тігуді үйретіп шеберлігін шыңдап жатырмыз, – дейді мекеме басшысы.
Серіктестік жылдан-жылға өндірген өнімін және халыққа қызмет көрсету сапасын өсіруде. Аудандық аурухана, мектептер мен балабақшалар, тағы басқа мекемелермен келісім шарт жасасып, сапалы жұмыс жасап келеді. Осындай тынымсыз еңбек етіп жүріп, бұл ұжым толағай табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 1998 жылы «Астана» медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасының Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақованың «Әйел басқарған үздік мекеме» дипломымен, Қызылорда облысы әкімінің «Жылдың үздік кәсіпкері» дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ, 2002 жылдан бастап үш жыл қатарынан бірінші орын иеленіп, облыс әкімінің 2006 жылғы «Қазақстан үздік тауарлары» байқауының «Алғыс хатын» алды. Бұл әйел заты үшін біраз қажыр-қайрат көрсетіп, табандылық танытып, төзімділік талап ететін үлкен еңбекпен жететін жетістіктер.
Ал 2007 жылы «Талапкердің» абыройын тағы бір үлкен жетістік асқақтатты. «Қызылорда облысында шағын кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістіктері үшін» көрме-конкурсында серіктестік басшысы «Үздік әйел кәсіпкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Астана қаласында өткен «Алтын сапа» байқауынан жүлделі оралып, «Үздік кәсіпкер» номинациясын иеленді.
Н.ҚАЗБЕКОВ,
журналист.