ЖАЛЫН ЖІГЕРЛІ ЖАҚСЫГҮЛ

 Өмірге құштар жан. Басықара ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жақсыгүл Жадырасынмен тілдесуден соң осындай ой түйгенмін. Ешкімнің намысына тигіміз келмейді. Десе де түрлі сылтаумен (тұрақты жұмысым жоқ,  тағы  басқа) отбасының берекесін қашырып жүрген кейбір азаматтарды көргенде өзегіңді өрт шалғандай күй кешесің. Сондайда тағдыр тезіне мойымаған Жақсыгүл сияқты рухы мықты жандардың айналаңда барын білгенде ортайған көңілің бұлттан шыққан күндей жадырап сала береді. Тебірене түсіп «жігерің жасымасын, іске сәт!» дегенді іштей қайталайсың.            
Жақсыгүл Жадырасын қа­за­қылықтың қаймағы бұ­зыл­­ма­ған іргелі ауылдағы  қа­ра­­пай­ым тірлік кешкен отбасында дү­ниеге келді. Әкесі мен анасы кезінде озат механи­затор ата­нып, темір тұлпар тіз­гін­деген, өз ортасына сыйлы жандар болатын. Олардың бойын­дағы мін­детті шаруасына жауапкер­ші­лікпен қарау, қолға алған істі соңына дейін тындыру дағ­дысы перзенттерінің де өмір­лік ұстанымына айналды. Шал­ғай ауылдың сан қабат, қар­ба­ласқан өмірі баршаға аян. Ал Жақсыгүлдің анасы сәл бос уақыты табылса ине мен жіпті жанына серік қылатын. Мата қалдықтарынан неше түрлі  қолөнер бұйымдарын тігіп, ты­ным таппаушы еді. «Қыз бала анасына үйір» демекші, қол­ғабыс жасап жүріп Жақсыгүл де осы кәсіпті бала кезінен те­рең меңгерді. Алайда, жылдар өте қолөнер бұйымдарын жасап, несібе ажыратамын деп ойламаған.
Мектептен соң Жақсыгүл ас­пазшы мамандығын меңгерді. Ша­ңырақ көтеріп, перзент сүй­ді. Зымырап жылдар өте берді. Бала күннен санасына сіңген тігіншілік өнерін үйде жал­ғас­­тырды. Жақсыгүлдің епті сау­сақтарынан шыққан зат­тар көздің жауын алатын. Уақыт неткен жылдам десеңші. Алғаш­қыда  қол машинасымен үйінде тігін бұйымдарын дайындады. Ұлттық ою-өрнектерімен на­қыш­талған құрақ көрпелер әзірлеп, туған-туыстары, дос-жаранға қолғабыс берді. Кейін арнайы тапсырыс беруші­лер көбейді. Отағасымен ақылдас­қан Жақсыгүл Жадырасын же­ке кәсібін ашуды жөн санады. Мұнан тура екі жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, Басықара ауылынан «Сағыныш» аталатын аралас заттар дүкенін ашты. Дүкен сөрелерін халыққа қажетті заттармен толтырып, бағаның көңілге қонымды болуына күш салды. Еңбегі еш кетпеді. Саудасы жүрді. Мұнан соң өзінің бала кезден бергі арманын іске асырды. «Сая» атауымен қазақтың қолөнерін дамыту мақсатында тігін цехын іске қосты.  «Даму-Көмек» жобасы бойынша электрлі тігін машинасын алды. Қазіргі таңда,  кәсібі алға басуда.
Биылғы жылдың тамыз айында Қызылордада мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің арасында «Өзіңе сене баста!» атты облыстық көрме-конкурсы өт­кі­зілген еді. Айтулы шара мүм­кін­дігі шектеулі кәсіпкерлер үшін облыс көлемінде жаппай кә­сіпкерлікті дамыту жылының аясында ұйымдастырылғанын атап кеткен жөн. Көрме-кон­курсқа 50 адам қатысты. Оларға барлығына тұрмыстық тауар сертификаттары табысталса, же­ңімпаздар сыйақылармен марапатталды. Басықара ауылының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Жадырасын Жақсыгүл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғыс хатына қоса 50000 теңгенің тұрмыстық техникалық тауарлар сертификатын иеленді.
Жігерлі Жақсыгүл мұнымен шек­теліп қалмады. Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағ­дарламасы бойынша оқу кур­сынан өтіп, ірі қара  өсіруге бел байлады. Осылайша жыл­қы бордақылауға 2 млн теңге несие қаражатын алып, мал шаруа­шылығын дамытуда.  Соның не­гізінде бір адамды тұрақты жұ­мыспен қамтып отыр.

Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы,
Басықара ауылы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2018 г. 728 0