Қызылорда қаласына қарасты Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов ауылында «Ер есімі - ел есінде» атты белгі тақта ашылды.
Шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов, қалалық мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары қатысты. Айта кету керек, Ақсуат ауылдық округінен майданға 467 азамат аттанып, оның 159-ы ғана тірі оралған. Майданға осыншама солдат аттанған бір ауылдың өзінен 15 командир шыққан. Дивизия жетекшісі болған Шайзада Атеевті, полк командирі болған Абдулла Ақаевты, атқыштар полкінің жетекшісі болған Ахмет Пірназаровты ауыл тұрғындары мақтан тұтады. Батыр азаматтардың ерлігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Ақсуат ауылдық округінің кәсіпкер, елжанды азаматтары бас болып Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов ауылында ескерткіш белгі тақта салдырды.