Еліміздің әр өңірінде жастар үйін салу мәселесі қаралып жатыр - министрлік

Еліміздің әр өңірінде жастар үйін салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Астана өтіп жатқан жастар форумы барысында ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов мәлім етті.
«Бүгінгі шараның мақсаты Елбасы Жолдауын жастарға түсіндіру. Келесі жыл - «Жастар жылы». Соның аясында елімізде жүйелі жұмыстар атқарылғалы тұр. Сондықтан да жастардың Жолдау мен одан туындайтын мәселелерге, Жастар жылына қатысты ой-пікірлерін білу мақсатында осындай жиын ұйымдастырып отырмыз», -деді Асхат Оралов.
 Оның сөзінше, еліміздегі әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктері негізінде арнайы жастарға арналған бағдарлама әзірленеді.
«2015 жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланып, соның негізінде өңірлерде достық үйлері салынып, осы бағыттағы жалпы жұмыстардың жандана түскені есімізде. Сол сияқты 2019 жылы Жастар жылына орай еліміздің әр өңірінде жастар үйін, жастар сарайын салу жайын ойластырмақпыз», -деді А.Оралов.
Оның айтуынша, жастар үйі барлық әлеуметтік деңгейдегі жастар басын қосатын орталық болады. Онда тек қана іс-шаралар өтіп қана қоймай, жастардың өз идеяларын жүзеге асыратын креатив орталығына айналуы тиіс.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2018 г. 721 0