Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мәселелері қаралған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.Т.Сүлейменов атап өткендей, қазіргі уақытта Министрлік Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр. Аталған зерттеу еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының жаңа болжамды схемасын әзірлеуге негіз болмақ. Ол 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін Президент Әкімшілігінің қарауына жіберілетін болады. Болжамды схеманы сапалы іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жергілікті инфрақұрылымды дамыту басымдық болмақ: энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау және су тарту, жергілікті жолдар. 2018 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 332 млрд теңге бөлінді. Өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау - 100% ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау - 80 пайызды құрайтын болады. Аумақтық дамудың жаңа тәсілдері қалалар мен шалғай аудандардағы өмір сүру сапасын арттырады, сондай-ақ өңірлік экономиканың дамуын ынталандырады.