Қазалы ауданы өткен жылы ҰБТ қорытындысы бойынша облыста ең төменгі нәтиже көрсетті. Апатты жағдайда тұрған мектептер бар. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда кемшіліктер бар. Осы секілді түйіткілді мәселелер Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен өткен аудан активінің жиынында талқыланды.
Бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстарды алдымен аудан әкімі Б.Жақанов баяндап берді. Ауданға тартылып жатқан инвестиция, өнім көлемі, жаңа жұмыс орындарын ашуда өсім бар. Дегенмен, проблемаларда жоқ емес. Көтерілген мәселелердің барлығының қашан түйіні тарқатылатыны осы жиында айтылды.
– Аудандағы 7 апатты жағдайдағы мектеп келер жылдың соңына дейін кезек-кезігімен қайта салынады. Жарық мәселесін шешуге қажетті 182 млн. теңгені облыстық мәслихаттың сессиясында қарайтын боламыз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында өңір басшысы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындық барысымен танысты. Қазалылықтар өткен жылы төмен нәтиже көрсетті. Бұл жағдайдың қаталанбас үшін дайындықты күшейткен. Биыл 891 оқушы мектеп бітіретін болса, соның 68,1 пайызы сынақ тапсырады. Сынама тест нәтижесі қазір 72,8 пайызды құрап тұр.
– Бастысы, мамандық таңдауда кателеспеңіздер. Облыс әкімдігінің сайтын қараңыздар. Өңірге болашақта қандай мамандықтар қажет екендігіне зер салыңыздар. Болашақтарыңыз үшін маңызды, - деп өңір басшысы оқушыларға сәттілік тіледі.
Балалардың жазғы демалысына аз уақыт қалды. Аудандағы «Шағала» лагерін аймақ басшысы аралап көрді. Өткен жылы демалыс орнынының төсек және асхана жабдықтары жаңартылды. Биыл жатақхана бөлмелерінің терезесі, жуынатын бөлменің едені, кәріз және ішкі ауыз су жүйелері жаңартылады.
Мұнан соң аймақ басшысы Ажар елді мекенінде болып, ауылды дамытудың сызбасымен танысты. Осы сапар барысында «Мариямкөл» көлінде балық шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланды.