
Дүйсенбіде ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Жол апаты салдарынан өкінішке орай, 4 адам қаза тапты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев мәлімдеді. Жиынға ОІІД анықтау басқармасының бастығы Әміржан Утегенов, ҚІІБ Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан Шағырбай, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Қаюпов қатысты.
Бауыржан Ибраевтың айтуынша, көлік оқиғасы кешкі сағат 7-нің шамасында болған. Оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда.
– Қызылордада қайғылы жағдаймен аяқталған жол-көлік оқиғасы орын алды. «ВАЗ 2114» маркалы автокөлігінің жүргізушісі әуежай бағытынан қалаға қарай келе жатып Бейбарыс Сұлтан көшесі мен әуежай трассасы бойында «Snacman» және «Опель вектра» көлігіне соқтығысқан. Нәтижесінде «ВАЗ» көлігінің жүргізушісі және 2 жолаушысы сол жерде көз жұмды. Ал, екі жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Өкініштісі, аурухана төсегінде жолаушының біреуі қайтыс болды. Ал, «Опель вектра» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы дәрігерлік бақылаудан өтіп, үйлеріне жіберілді, – деді Бауыржан Ибраев.
Бұл – жыл басынан бері адам өлімімен аяқталған ірі жол-көлік оқиғасы. Қаза болғандар ҚР Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің 25-30 жастағы әскери қызметкерлері. Айта кету керек, бүгінде сол қиылысқа бағдаршам орнату мәселесі шешілуде.
ҚІІБ Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан Шағырбайдың айтуынша, жүк көлік жүргізушісі 40-тан асқан тәжірибелі жүргізуші. Бұған дейін ешқандай әкімшілік шара көрілмеген.
Жыл басынан бері облыс көлемінде 74 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталды. Оларға 384 млн 343 мың айыппұл салынып, 216 млн 439 мың теңге өндірілді. Бауыржан Ибраевтың мәлімдеуінше, жол қозғалысы ережелерін көбіне мас күйіндегі жүргізушілер, жылдамдықты арттырғандар және қарсы бағытқа шығып кеткен жүргізушілер бұзады. Мәселен, биыл 755 мас күйінде жүргізу, 9407 жылдамдықты арттыру, 185 қарсы бағытқа шығу дерегі анықталған. Өңірде болған жол апаты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың 8 айында 268 жол апаты тіркелсе, биыл 261 апат орын алған. Апат салдарынан 307 адам түрлі дене жарақатын алса, 57 адам қайтыс болған.
Шынар БЕКБАН.