
Өткен апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында, сонымен қатар шетелдегі дипломатиялық миссияларында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат өтіп бара жатқан аптадағы маңызды кадрлық өзгерістерді оқырман назарына ұсынады.
Сонымен, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бес елдің елшісі тағайындалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы қызметін қоса атқарушы қызметіне; Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андриан Көпмағамбетұлы Елемесов Қазақстан Республикасының Панама Республикасындағы, Коста-Рика Республикасындағы, Доминикан Республикасындағы, Ямайкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалған болатын. Ақылбек Қамалдинов кезінде еліміздің Жапониядағы Елшісі қызметін атқарып, осы жылдың сәуіріне дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болған. Ал Андриан Елемесов бұған дейін Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін абыроймен атқарды. Мұнан бөлек ол ҚР Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік хаттама қызметінің басшысы да болған еді.
Қазақстан Президентінің Өкімімен Исатай Сартаев ҚР «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. ҚР «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары қызметіне Елбасының Өкімімен Нұрлан Оразов тағайындалды. Жаңа қызметке келгенге дейін ол «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Жұлдыз Қажыкенқызы Омарбекова ҚР Қоғамдық даму вице-министрі лауазымына тағайындалды. Жұлдыз Омарбекова 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Құқықтану маманы, әлеуметтік ғылымдар кандидаты. Еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Түрлі жылдары әлеуметтану пәнінен оқытушы, «Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы директоры және президенті болып жұмыс істеген. 2013-2014 жылдары Алматы Мәдениет басқармасы басшысының м.а., басшысы, 2014-2015 жылдары - Алматы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі таңға дейін «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Қостанай өңірі басшысының өкімімен облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып Нұрлан Жеңісұлы Қатарбеков тағайындалды. Ол 1981 жылы 19 шілдеде Қостанай қаласында туған. Үш жоғары білімі бар. Еңбек өтілі 2003 жылы Қостанай облысының қаржылық бақылау басқармасынан басталды. 2016 жылы «Қостанай облысы әкімдігінің жерді пайдалануды бақылау және қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы болды. Нұрлан Қатарбеков жаңа қызметіне дейін облыс әкімдігінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің және Алматы қаласы мәслихатының келісімімен Алмалы ауданының әкімі болып Бекқали Торғаев тағайындалды. Алмалы ауданының жаңа әкімі Бекқали Торғаев 5 жылдан астам уақыт Әуезов ауданын басқарып келген. 2015 жылдың ақпанынан бастап Бостандық ауданының әкімі қызметінде болған. Ал Әуезов ауданының әкімі Алтай Рахымбетов Бостандық ауданының әкімі атанды. Ол еңбек жолын 1995 жылы Алматы қаласы экология басқармасының маманы ретінде бастады. Қоршаған ортаны қорғау саласында 20 жыл еңбек етті. Соның ішінде Алматы қаласы Табиғатты реттеу басқармасының басшысы да болды. 2015 жылдың ақпанынан Әуезов ауданының әкімі лауазымын атқарып келген. Ал Әуезов ауданына әкім болып Әнуар Өскенбаев тағайындалды. Әнуар Өскенбаев әр жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде, 5 жылдан астам уақыт Есеп комитетінде қызмет атқарған, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы болған. 2015 жылы Алматы қаласы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2016 жылдан бері қаланың Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы болып қызмет етті. Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабевтың өкімімен Сәуле Арзанбекова Талдықорған қаласы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары болып тағайындалды. Сәуле Аманбайқызы 1975 жылы туған.
1997 жылы Талдықорған заң колледжін, 2001 жылы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын заңгер және құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы, жұмыс өтілі 25 жыл. Еңбек жолын Талдықорған қаласы әкімдігінде аппарат хатшысы болып бастаған. Содан бері әкімдікте аппарат бөлімінің маманы, қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы, Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, қала әкімі апаратының бас маманы, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы және осы уақытқа дейін Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы қызметіне Бұлтанов Дидар Қымызбайұлы тағайындалды. Д. Бултанов 1976 жылы туған. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-менеджер және «Фемида» заң академиясын юриспруденция мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Бас есептеу орталығының инженер-математигі лауазымында бастады. 2002-2012 жылдары жеке және квазимемлекеттік секторларда жауапты қызметтер атқарған. 2012-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде Ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің прокуроры, аға прокуроры. 2017 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде Ақпараттық технологияларды дамыту бөлімінің бастығы қызметін атқарып келді. Гаухар Бисарина ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Баспасөз қызметінің басшысы болып тағайындалды.
Гаухар Манатқызы 1984 жылы Алматы облысында дүниеге келген. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «дәрігер-эпидемиолог» мамандығы бойынша бітірген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Еңбек жолын 2007 жылы Алматы облысының Көксу аудандық ауруханасында дәрігер эпидемиолог ретінде бастаған. Денсаулық сақтау жүйесінде 10 жылдан астам жұмыс істейді. Түрлі жылдары Алматы облыстық мемелекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында, ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау комитетінде және соңғы 5 жылда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінде жұмыс атқарған.