Қызылорданың «Қайсар» командасының 2011 жылғы бас бапкері, литвалық маман Альгимантас Любинскас қайтадан бапкерлік қызметке оралды. Ол бүгінгі таңда Эстонияның Тарту қаласының «Сантос» клубына жетекшілік жасайды.
А.Любинскас «Қайсардың» бас бапкері қызметін атқарған уақытта 32 ойында біздің командаға жетекшілік жасады. Сол жылы ел біріншілігіне қатысқан 12 команда екі кезең бойынша сынға түсті. Өкінішке орай, «Қайсар» алғашқы кезеңде 22 ойыннан кейін 4 мәрте жеңіске жетіп, 4 рет тең түссе, қалған 14 кездесуде қарсыластарына есе жіберіп қойды. Алғашқы кезеңнің қорытындысымен турнир кестесінде ең соңғы орында қалып қойды. Қарсыластар қақпасына бар-жоғы 13 гол соқса, өз қақпасына 44 доп жіберіп алды. Дегенмен, А.Любинскас басшылығымен «Қайсар» келесі кезеңде атқа қамшы басып, Премьер-лигадағы өз орнын сақтап қалды. Олар 32 ойыннан кейін 27 ұпай жинап, турнир кестесінде сегізінші орынға тұрақтап қалды.
А.Любинскас «Қайсарға» дейін 1991-1995, 2003-2008 жылдар аралығында Литва ұлттық құрамасын жаттықтырды. Сол жылдарда литвалық футболшылар Германия және Италиямен тең түсіп, Шотландияны тізе бүктірді. Литва ұлттық құрамасынан бөлек ол «Жальгирис» (Литва), Ягеллония (Польша), «Львов» (Украина) және «Қайсарға» бас бапкерлік жасаған. Бүгінгі күндері 62 жасты толтырған оның алдында үлкен міндеттер тұр. «Сантос» командасы Эстония Кубогының жартылай финалында ойнайды. Аталмыш ұжым Эстонияның үшінші лигасында ойын көрсетеді.