Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласындағы «Гранд Плаза» мейрамханасында соғыс және тыл ардагерлерін мерекелерімен құттықтады.
Соғыс жылдары Қызылорда облысынан 70 мың адам майданға аттанды. Қазіргі таңда оның 121-і ғана қазір ортамызда бар. Соғыс жылдарында 21 қызылордалық азамат Кеңес одағының батыры атанды. «Біздің халқымыз және барлық Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы халықтарының Ұлы Отан соғысында сұрқия сипатты обаны жеңіп шығу үшін қандай ұлы құрбандықтарға барғанын әркез есте сақтауға тиіспіз» деген Елбасының сөзін келтірген облыс басшысы ардагерлерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Салтанатты шараға келген 38 ардагерге облыс әкімі ақшалай сыйлық жасады.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерекеге орай берілген қаражаттан бөлек облысымыздың ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға жыл бойы қолдау көрсетілуде. Ақшалай көмектен басқа оларға тегін коммуналдық қызмет көрсетіліп, сауықтыру және демалу орындарына жолдама беріледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінде көрсетілгендей, бүгінгі күні 7193 ардагерге барлығы 411 миллионнан астам қаражат бөлінді.