9 мамыр қарсаңында Қызылорда қаласында Жеңіс күнін жақындатқан батырлар, атап айтқанда Сыр бойынан шыққан Кеңес Одағының батырлары насихатталуда.
Қаланың орталық Жібек жолы көшесінде батырлардың суреті мен аты-жөні жазылған насихаттық билбордтар орналастырылып, бүгінгі жас ұрпаққа таныстырылуда. Айта кету керек, жалпы Қызылорда облысынан 20 Кеңес Одағының батыры, 1 «Даңқ» орденінің толық кавалері шыққан. Қазір Қызылорда қаласы бойынша барлығы 54 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның 19-ы ҰОС мүгедегі, 35-і ҰОС қатысушылары. Соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде. «Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен бір жолғы көмек ретінде барлығы 185,0 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, Жеңіс мерекесі қарсаңында қаладағы «Тағзым алаңы» қайта жаңғыртудан өтті» деп хабарлайды қала әкімдігі баспасөз қызметі.