Қызылорда облысындағы азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында өткен жылы 7310 неке тіркелген. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 376 некеге артық. Өкінішке орай, дәм-тұзы жараспай, жолы екіге айрылған ерлі-зайыптылар былтыр 1624 отбасыны шамалап, алдыңғы жылдан 120 отбасыға көбейіпті.
Облыстық статистика департаментінің хабарлауынша, ажырасулардың абсолюттік санының некелер санындай ұлғаюы халық санының өсуіне байланысты екен. Атап айтқанда, 100 тіркелген некелерге сәйкесінше 2007 жылы – 16, 2008 жылы – 15, 2009 жылы – 17, 2010 жылы – 21, 2011 жылы – 21, 2012 жылы – 22 ажырасудан келген. Былтыр облыс бойынша әрбір 4 некеге тұрғандарға 1 неке бұзудан келген. Қалалық және ауылдық тұрғындардың ең белсенді некеге тұру жасы ерлерде де, әйелдерде де 20-29 жас көрінеді. Некеге тұрғандар қатарында ерлерде 89,9 пайызы бұрын ешқашан отау көтермеген болса, ол жолы жіңішке жандарда 92,8 пайызды шамалаған.
Некеге тұрудың негізгі көрсеткішінің бірі – некеге тұру жасы болып белгіленген. Бірінші некеге тұрғандардың орташа жасы күйеулер үшін – 27, қалыңдықтар үшін – 24 жасты құрады. Бірінші некені бұзатын жұбайлардың орташа жасы ерлерде – 33, әйелдерде – 31 жасты маңайлайды. 2013 жылы неке ұзақтығына қарай ажырасулар үлесі 1 жылға созылғандар үшін – 9,4, 1-4 жыл – 35,3, 5-9 жыл – 26,8, 10-14 жыл – 12,6, 15-19 жыл – 7,3 20 жыл және одан жоғары – 8,6 пайызды құрайды.