Жаңақорған. Ауданның М.Нәлібаев ауылында еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Бұл жарысты еліміздің спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастырды.
Аталмыш жарыста Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 80-дей балуан 5 салмақта сынға түсті. Аталмыш жарыс 2005 жылдан бері республикалық турнир ретінде сегіз мәрте өткізіліп келеді. Биылғы жылдан бастап Қазақстан біріншілігі деңгейіне көтерілді. Сондай-ақ, жеңімпаз атанған спортшылар осы жарыстан спорт шебері атағын орындайды.
Жарыс барысында жерлестеріміз қатарынан Нұрым Сәлімгереев (90 келі) алтыннан алқа тақса, Ғалымжан Әбдірахманов (70 келі) қола жүлдегер болды. Қалған салмақтарда төмендегі спортшылар жеңімпаз атанды: 60 келі – Айдос Сейпулұлы (Шығыс Қазақстан облысы), 70 келі – Бақытжан Барбанов (Оңтүстік Қазақстан облысы), 80 келі – Амангелді Төлемісов (Алматы қаласы), 90 келіден жоғары – Айбат Сейтен (Астана қаласы.) Жастар арасындағы түйе палуан сайысында оңтүстікқазақстандық Нұрсұлтан Мыңғышов бас жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікке қызылордалық Нұрым Сәлімгереев және маңғыстаулық Жаңабай Мейрамбек ілікті. Төл күресімізді насихаттау мақсатында жылдағы дәстүр бойынша ересектер арасындағы қазақ күресінен «Түйе палуан» сайысында Шығыс Қазақстан облысынан келген Мұхит Тұрсынов бас бәйгені жеңіп алып, жеңіл автокөлікті иеленді. Одан кейінгі орындарды қызылордалықтар – Ерболат Юсупов пен Ұлан Рысқұл иеленді. Сонымен қатар, шара барысында волейбол мен шағын футболдан өткен жарыстарда облыстық соттың командасына тең келерлік шекім болған жоқ.