Республикалық туристік жоба Қызылордадан басталды

Қызылорда. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін насихаттау, аймақтардың туристік әлеуетін таныту мақсатында қолға алынған «Kazakhstan–Terra Incognita»кешенді жобасының алғашқы экспедициясы кеше Қызылорда облысында өз сапарын бастады. Бұл жоба елімізге белгілі саясаткер Ерлан Қариннің бастамасы бойынша Қазақ географиялық қоғамының қолдауымен жүзеге асырылады. Аталмыш шараға облыс әкімшілігі де қолдау білдірді.
Экспедицияны ұйымдастырушылар жобаны жүзеге асыру барысында тарихи-мәдени, археологиялық, этнографиялық, экологиялық және өзге де зерттеулер жүргізетін болады. Бұл жұмыстар аталған салаларда ғылыми ізденістерді қайта жандандыру үшін және потенциалды туристік маршруттарды анықтап арнайы атлас қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, экспедицияның негізгі мақсатының бірі аймақтардың мәдени, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін анықтау болып табылады.
Жобаға қатысушылар жеті күннің ішінде біздің өңірдегі көптеген тарихинысандар мен табиғи орындарда болады. Арал маңындағы ежелгі тарихи ескерткіштерден бастап Сыр бойында жатқан орта ғасырлық қалаларға дейін зерттеліп, бұл шара барлық ауданды қамтиды. Жинақталған материалдар негізінде альбом-кітап, деректі фильм, туристік атлас, күйтаспаға жазылған фольклор туындылары, фотосуреттердің электронды жинағын шығару жоспарланып отыр.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2013 г. 923 0