Қызылордада мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі

Қызылордада мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледіБиыл Қызылорда қаласында 21 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл жөнінде қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылорда бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналып, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Соның ішінде қызылордалықтар үшін маңызды бірқатар мәселелер биылғы жылы шешімін табады. Атап айтқанда, облыстық және республикалық бюджеттерден бөлінген 3 млрд. 765 млн.теңгеге жыл ішінде ұзындығы 79,2 шақырымды құрайтын 81 көшенің жолдарына қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, ұзындығы 37,6 шақырымды құрайтын 17 көшеге жарықтандырылып, жалпы ұзындығы 9,6 шақырым болатын 10 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына 32 балалар ойын алаңы салынып, 25 аулаішілік жолдар жөндеуден өткізіледі. Жыл ішінде қалада 22 тұрғын үй пайдалануға беріліп, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесін шешу үшін 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі.
Қалада тазалық мәдениетін қалыптастырудағы жұмыстарымыз биыл да қарқынды жалғастырылады. Тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелердің материалдық-техникалық базасыны нығайту мақсатында 12 арнайы техника және 22 қосымша құралдар алынады. Қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда 49,7 шақырым ауыз су жүйесі жүргізіліп, 26,6 шақырым тас жол құрылысы салынады. Қалаға қарасты 5 елді мекенде (Ақсуат, Ақжарма, Абай, Айнакөл, Қараөзек) 21 дана ауыз су ұңғымасы бұрғыланып, 124 шақырым ауыз су құбыры, 0,5 шақырым кәріз су құбыры тартылады. 1661 су есептегіш құралдары орнатылады. Қала тұрғындарының көптен көтеріп келе жатқан мәселесі Абай даңғылы бойындағы «Болашақ» университетінің жанынан, Қазыбек би көшесіндегі Жайна сауда үйінің аумағында жаяу жүргіншілер жолы болатын. Бұл мәселе биылғы жылы толығымен шешіледі. Жыл ішінде аталмыш аумақтарда жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүргізіледі. Әлеуметтік салада 15 мектеп, 3 балабақша және Оқушылар сарайы күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде 10 мектеп пен 1 балабақша және Оқушылар сарайының күрделі жөндеуіне қажетті қаржы қалалық бюджеттен қаралды. Сонымен бірге, А. Тоқмағамбетов, С. Майқанова, М. Ерәлиева атындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 мамыр 2014 г. 1 145 0