Халықаралық мемориал қызықты өтті

Халықаралық мемориал қызықты өттіҚармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде самбо күресінен Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған халықаралық мемориал өтті. Биыл қатарынан 19 жыл өткен турнирге Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Белоруссия елдерінен, Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 200-ге жуық спортшы атсалысты. 
Екі күнге созылған боз кілемдегі белдесулердің қорытындысы бойынша 52 келі салмақта өнер көрсеткен қармақшылық Бауыржан Райысов қатарынан он бірінші рет жеңіс тұғырына көтерілді. 57 келіде Қуаныш Тәтімбетов, 62 және 68 келіде кілем иелері Асхат Пірманов пен Ғалымжан Әбдірахмановтар алтыннан алқа тағынды. 74 келіде Ерболат Ербосиновтың (Жезқазған) мерейі үстем болды. Ал 82 және 90 келіде қармақшылықтар Алмат Тайбағаров пен Мақсат Исақабылов жеңімпаз атанды. 100 келіде сынға түскен әзірбайжандық палуан Бехруз Турдиев 1-орынды иеленсе, аса ауыр салмақта моңғол спортшысы Алтангерел Даваанямға тең келер қарсылас табылмады. 
Жарыстың екінші күні түйе балуандар ортаға шығып, қазақ күресінің көрігін қыздырды. Бас жүлдені Айбек Нұғымаров (ШҚО) жеңіп алса, екінші орынды моңғолдық Алтангерел Давааням, үшінші орынды шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов иеленді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 мамыр 2014 г. 814 0