"Қайсар" "Атырауды" орталық стадионда қабылдайды

"Қайсар"  "Атырауды" орталық стадионда қабылдайдыБүгін, 29 сәуірде «Қайсар» командасы Қызылорданың Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионында жылдың алғашқы жаттығуын өткізді. Футболшылар алаңның сапасына риза екендіктерін білдіріп, стадион командаға тек сәттілік әкелетініне сенім білдірді.
«Шахтермен» болған ойыннан кейінгі алғашқы жаттығуға матч алдында жарақат алып қалған Антон Землянухин қатысқан жоқ. Оның келесі ойынға қаншалықты дайын болары әлі белгісіз. Сондай-ақ, кешегі кездесуде аяғын ауыртып алған Жасұлан Молдақараев та жаттығуды алаң жиегінде тамашалады. Есесіне, бас бапкер Дмитрий Огай дубльдік командадан Магомед Узденов, Думан Нәрзілдаев, Елжас Алтынбеков және Қуаныш Кемалұлын шақырған екен. Футболшылар алаңның сапасына көңілдері толатынын білдірді.
Айта кетейік, «Қайсардың» өз алаңындағы келесі ойыны «Локомотивте» емес, Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионда өтеді. Қазақстан Премьер-лигасының 10-туры аясында мамырдың 6-сы күні команда «Атырауды» қабылдайды. Ал келесі кездесуіміз Семейде жергілікті «Спартакқа» қарсы өтпек. «Спартак» - «Қайсар» ойыны да табиғи алаңда өтеді деп күтілуде. Жалпы, биылдыққа қызылордалық клуб әзірге тек бір-ақ ойынды табиғи шөпті алаңда өткізген. Бұл ел кубогының електік кезеңі аясындағы «Жетісу-Сұңқар» - «Қайсар» матчы болатын. Өзге ойындардың барлығын да Дмитрий Огай шәкірттері жасанды алаңда өткізіп келді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 сәуір 2014 г. 885 0