Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші лигасында ойын көрсететін Қызылорданың екінші командасы «Байқоңыр» Оңтүстік аймақтық топтың жеңімпазы атанып, финалдық кезеңге жолдама алды. Енді бір рет «әуп» десе, Құттыбай Досманбетов бастаған «Байқоңыр» келесі жылы бірінші лигада ойын көрсету құқығына ие болады. Олардың алдына келер жылы бірінші лигада бақ сынау мақсаты қойылған. Финалдық кезең қыркүйек айында Қызылордада өтеді деп күтілуде.
Сәуірдің 21-і мен 27-сі аралығында Тараздың «Ұлан» және «Жастар» стадионында Екінші лига клубтары арасында Оңтүстік аймақтық турнир өтіп, финалдық сынға жолдама алған екі команда анықталды. Оның бірі – «Байқоңыр». Жалпы, Таразда өткен турнирге Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан барлығы алты команда қатысты. Оның үшеуі алаң иелері болса, екеуі Шымкенттің командалары еді. Бірінші кездесуін Құттыбай Досманбетов шәкірттері алаң қожайындары «Альтаиспен» өткізді. Жерлестеріміз 3:0 есебімен жеңіске жеткенімен ойын біз үшін өте ауыр болыпты. «Альтаис» - өте дөрекі ойнайтын команда екен. Ойын ережесін жиі бұзып, футболшыларымызды құлата берді. Сондай сәттердің бірінде Бағдат Исмаиловты бір футболшы шынтақпен ұрып құлатты да, екіншісі жатқан жерінен беттен теуіп кетті. Әлбетте, біздің жігіттер де қарап қалған жоқ. Ақыры бас төреші біздің командадан Фазылбек Бекпановке, алаң иелерінен екі футболшыға қызыл қағаз көрсетті» дейді бұл кездесу туралы «Байқоңырдың» бас бапкері Құттыбай Досманбетов.
Одан кейін қызылордалықтар Шымкенттің «ЗСМК Локомотив» командасымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңді. Үшінші ойын да өте тартысты өтіп, Сыр командасы Шымкенттің тағы бір ұжымы «Шалқардан» 2:1 есебімен басым түсті.
– Бұл матч та біз үшін оңайға соқпады, - деп бұл кездесу жайлы Құттыбай Досманбетов былайша баяндады. – 1:0 есебімен жеңіп жатқанбыз. Төреші Бағдат Исмаиловты алаңнан қуды да, бір ойыншыға кем қалдық. Арада көп өткен жоқ, ойынға қосылғанына екі-ақ минут болған Сұлтанхан Ысқақовқа да қызыл қағаз көрсетіліп, алаңда сегіз-ақ футболшымен қалдық. Содан қарсыластарымыз бізді тіптен тықсырта бастады. Абырой болғанда қарымта шабуылды сәтті пайдаланып, екінші голды соғып кеттік те, ойын тағдырын өз пайдамызға шештік.
Қатарынан үш ойында қарсыластарын тізе бүктірген «Байқоңыр» футболшылары жеңістің дәмін сезінді де, одан кейінгі екі ойында оп-оңай жеңіске жетті. Алдымен Тараздың ДЮСШ №5 командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнирдің соңғы матчында алаң иелерінің тағы бір командасы «КазФосфатты» 7:1 есебімен тізе бүктірді.
Сонымен, Оңтүстік аймақтан финалға екі команда жолдама алды. Оның бірі «Байқоңыр» болса, екіншісі «ЗСМК Локомотив». Сондай-ақ, мұның алдында өткен кубоктық бәсекеде жоғары орыннан көрінген «Шалқар» да финалда ойнайтын болады. Жалпы, айта кетейік, ел футболының регламенті бойынша, финалда 16 команда өнер көрсетпек. Нақты айтсақ, әр аймақтық топтан екі командадан және кубокта жоғары орыннан көрінген 4 клуб. Бірінші лигаға өтуге тек бір-ақ команданың құқығы бар. Онда да ол команда бірінші лигада соңғы орын алған ұжыммен електік ойын өткізеді. Сонымен қатар, айта кетер тағы бір жайт, Екінші лиганың жеңімпазы атанған ұжым әуесқой командалар арасында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайтын болады. Өткен жылы әлем біріншілігінде Өскеменнің командасы ойнаған еді.
Оңтүстік аймақтық топ
(21-27 сәуір, Тараз)
«Байқоңыр» – «Альтаис» (Тараз) - 3:0
Голдар: Дастан Дүйсембаев – 2, Ғалымжан Үмбетбаев.
«Байқоңыр» – «ЗСМК Локомотив» (Шымкент) - 3:1
Голдар: Бағдат Исмаилов, Дастан Дүйсембаев, Әлішер Эсонов.
«Байқоңыр» – «Шалқар» (Шымкент) - 2:1
Голдар: Дастан Дүйсембаев, Әлішер Эсонов.
«Байқоңыр» – «ДЮСШ №5» (Тараз) - 4:0
Голдар: Әлішер Эсонов – 2, Ғалымжан Үмбетбаев, Жарқын Жоламанов
«Байқоңыр» – «КазФосфат» (Тараз) - 7:1
Голдар: Бағдат Исмаилов – 2, Дастан Дүйсенбаев, Бауыржан Дастанов, Ғалымжан Үмбетбаев, Мұратбек Ибраимов, Асқат Қарабек.