Қызылорда қаласы «Евразия» спорт кешенінде 27 сәуір күні қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» сайысының ақтық кезеңі мәресіне жетті. Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған айтулы бәсеке жанкүйерлер қауымының қызыға тамашалаған шарасына айналды.
«Алтын белбеу» жарысы айдан астам уақытқа созылды. Боз кілемдегі балуандар үш кезең бойынша төрт жас деңгейінде сынға түсті. Ауылдық елді мекендерден басталған биылғы жарыстың аудандық, қалалық іріктеу турларына барлығы 7065 спортшы қатысты. Жарыстың үшінші кезеңі ақтық сайысқа Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 252 палуан сынға түсіп, өз шеберліктерін шыңдады. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова өңірімізде төл спортымыз – қазақ күресінің дамып келе жатқандығын және оған жыл өткен сайын қатысушылардың саны артып отырғанын жеткізді. Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек жарысқа қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Алтын белбеу» жарысы өте тартысты өтті. Өйткені әрбір балуанның белдесуге тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұрды. Жарыста кіші жасөспірімдер арасында Қызылорда қалсының спортшылары жақсы қырыннан таныла білді. Ал жасөспірімдер мен жастардан Шиелі ауданының жеткіншектері өздерінің мықтылықтарын байқатты. Ересектер арасында Қармақшы ауданынан келген палуандар да бірнеше жүлдеге қол жеткізді.
Аса тартысты бәсеке түйе палуанды анықтау сайысында өтті. Салмақ дәрежесіне қарамайтын сайысқа 12 палуан қатысты. Олардың арасында жалағаштық Руслан Әбдіразақов «Сыр Барысы» атанды. Оған «Алтын белбеу» белдігі мен 1 млн 550 мың теңгенің сертификатын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев табыстап, алдағы «Қазақстан барысы» додасында сәттілік тіледі. «Сыр Арланы» титулын иеленген қармақшылық Айбек Серікбаевқа 882 мың теңгенің сертификаты берілсе, «Сыр Сұңқары» - Ерболат Юсуповке 450 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай-ақ, әр жас ерекшеліктері бойынша 1,2,3 орындарды иеленген спортшылар алғыс хаттармен марапатталып, оларға қаржылай сыйлықтар берілді. Үстіміздегі жылдың 29 маусымы күні Астана қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Қызылорда облысынан Р.Әбдіразақов пен А.Серікбаев облыс намысын қорғайтын болады.
Жарыс жеңімпаздары:
1999-2000 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында:
38 келі: Бақдәулет Иманзада (Қызылорда қаласы)
42 келі: Ерімбет Жұма (Қызылорда қаласы)
46 келі: Абылай Жұбаназар (Қазалы ауданы)
50 келі: Нұрдәулет Жақсылық (Қызылорда қаласы)
55 келі: Ринат Ізбасаров (Арал ауданы)
60 келі: Олжас Әбдіхайым (Қызылорда қаласы)
66 келі: Әбдімүтәліп Мүрсәлиев (Шиелі ауданы)
73 келі: Спандияр Әлмаханов (Қармақшы ауданы)
+73 келі: Нұрберген Алдаберген (Жаңақорған ауданы)
1997-98 жылдары туылған жасөспірімдер арасында:
46 келі: Нұрхан Алмабек (Қызылорда қаласы)
51 келі: Бекжан Төлепов (Шиелі ауданы)
57 келі: Жасұлан Ерболатов (Шиелі ауданы)
64 келі: Ғалым Тұяқбаев (Қармақшы ауданы)
72 келі: Рахманберді Әбдрашид (Жаңақорған ауданы)
81 келі: Арнат Смайл (Қызылорда қаласы)
+81 келі: Аязбек Шүкір (Қызылорда қаласы)
1995-96 жылдары туылған жастар арасында:
55 келі: Райымбек Рантаев (Шиелі ауданы)
60 келі: Қуаныш Тілеулес (Қызылорда қаласы)
70 келі: Наурыз Болат (Байқоңыр қаласы)
80 келі: Еркебұлан Елегенов (Жаңақорған ауданы)
90 келі: Дәулет Гафуров (Сырдария ауданы)
+90 келі: Еламан Ерғалиев (Жалағаш ауданы)
Ересектер арасында:
55 келі: Бауыржан Райсов (Қармақшы ауданы)
60 келі: Нұрлыбек Алдабергенов (Жаңақорған ауданы)
70 келі: Ғалым Әбдірахманов (Қармақшы ауданы)
80 келі: Алмат Тайбағаров (Қармақшы ауданы)
90 келі: Нұрым Сәлімгереев (Қармақшы ауданы)
+ 90 келі: Ұлан Рысқұл (Жалағаш ауданы)