Аралда «Оқушылар Үйі – өнер мен білім Ордасы» атты аудандық оқушылар Үйінің шығармашылық концерті өтті.
Шығармашылық ұжымның орындауындағы концерттік бағдарлама жылда қайталанбас және ұмытылмас балалық бояуларға, жастықтың жалынына толы болады. Жыраулар үйінің сахнасында оқушылар үйінің «Ақтолқын» би ансамблінің тәрбиеленушілері қазақ, тәжік, иран және модерн, заманауи би үлгілеріннен шашу шашты.
Өнер ұжымының жанына құрылған «Жас ұлан» жайдарман командасы «Мұрагер» домбыра үйірмесі мен «Мырзалар» тобы өз таланттарымен, шеберлігімен көрермендер көңілінен шыға білді. Кешке арнайы аудандық мәслихаттың хатшысы Көлбай Данабай қатысып өнерлі балғындардың қадамдарына сәттілік, өнерлеріне шығармашылық табыс тіледі. Концерт соңын өнерпаздар ұстаздарына деген алғыстары ретінде «Ұстазым» әнімен аяқтады. Балғындардың концерті аралдықтардың есінде ұзақ сақталып қалатыны сөзсіз.