Облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысында облыс орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту жәйі әңгіме болды.
Шындығы керек, қазір олардың жағдайы көңіл көншітерлік емес. Сыртқы қас беті өте нашар. Ешқандай сын көтермейді. Бұл тұрғын үйлердің бірінші қабатында орын тепкен шағын бизнес нысандарының сәулеттік келбеті де әркелкі. Еліміздегі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес республикалық бюджеттен облысқа бөленген қаржыға Қызылорда қаласы бойынша 60-тан астам көп қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев бұл орайда аталмыш үйлердің сыртқы қас беттерін ретке келтіру мақсатында кешенді жұмыстарды атқарып, сол мақсатта біздің өңірдің табиғи жағдайына сай келетін бір жобаны қабылдауға назар аударуымыз тиістігін атап өтті. Басқарма басшысы жоба бойыншаа үй балкондары толықтай жабылатынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғын үйлерде ұлттық нақыш белгілері де көрініс береді. Оған қоса олардың бірінші қабатында орналасқан шағын бизнес нысандары да тәртіпке келтіріледі.