Саңлақтар баптаған кешен

Жыл сайын еліміздің жер-жерлерінде заманауи талапқа сай спорттық нысандар бой көтеруде. Дәл осындай әлеуметтік маңызы бар ғимарат – 120 орындық спорт кешені 2014 жылдың қарашасында Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесі бойынан салынып, тұрғындар игілігіне берілді.
Аудан орталығы тұрғындарын дене шынықтыру мәдениетіне тәрбиелейтін қасиетті орында қазіргі таңда футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, дзюдо, таеквондо және мүгедектер спорты секциялары жұмыс істеп, 500-ден астам адам жаттығады. Бұларға жоғары және арнаулы орта білімді 8 жаттықтырушы, 4 спорт нұсқаушысы қызмет көрсетеді. Араларында тәжірибесі толысқан, білікті мамандар аз емес. Мәселен, 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен белбеу күресінен ҚР чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесі бойынша қола жүлдегері, 2018 жылғы Астана қаласындағы чемпионаттың күміс жүлдегері, ҚР спорт шебері, дзюдо жаттықтырушысы Серікбол Сембиев өз кәсібінің шынайы шебері.
Сондай-ақ, таеквондо, футбол, қазақ күресі жаттықтырушылары Серік Жиенбаев, Жандосбек Нәбиев, Жаңабек Нағашыбаевтар да міндетті істеріне мұқият қарайтын мақтауға лайық азаматтар.
Біз тілге тиек етіп отырған жайлы да сәулетті спортшылар ордасында түрлі деңгейдегі тартысты шаралар үзбей өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, Астана қаласының 20 және Қызылорда қаласының 200 жылдығына байланысты қазақ күресінен, таеквандодан, кіші футболдан, волейболдан, бас¬кетболдан, қол күресінен, гір көтеруден және шахматтан жарыстар ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесінде мемлекеттік қызметкерлер арасында волейбол, кіші футбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, садақ тарту және мылтық ату сайысы өтті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 тамыз 2018 г. 578 0