Сырдария. Бүгінде ауданда омарташылық кәсіппен тұрақты айналысып келе жатқан 15-ке жуық ара өсірушілер бар. Олардың ішінде Тереңөзек кентінің тұрғыны Донской Николайдың бұл кәсіппен айналысқалы 30 жылдан асыпты.
Оның айтуынша, араның жаратылғанына 50 миллион жылдан астам уақыт өтіпті. Осыншама уақыт ішінде олардың сырт бейнесі, тамақтануы және өсіп-өнуінде ешқандай өзгеріс болмаған. Ал барлық тірлікті жаратушы табиғат ана басқалардың өмірі мен жаратылысына үлкен өзгертулер туғызып жатқанын ескерсек, бұл да бір таңғажайып жұмбақ екенін мойындауға тура келеді. Оның қожалығында қазір Карпат бал арасының тұқымы өсірілуде. Жалпы бұл бал арасы Украинаның таулы аймақтарында кездеседі. Сонымен қатар бал арасының өнімділігін арттыру бағытында Ресей Федерациясының Кисловодск қаласынан жаңа тұқым түрін алдырған. Қазіргі таңда омарташы бал араларының жәшіктерін сырлап, көктемгі маусымға әзірлік үстінде. Негізі Сыр өңірі шөлейтті аймақ болып келгесін Карпат бал арасына қолайлы. Олар көктемде шеңгел мен жантақ гүлдерінен бал жинаса, жаз айларында дария бойындағы әртүрлі гүлдерден өз өнімін алады. Бұл қызықты кәсіптің қиыншылықтары да жоқ емес. Атап айтсақ, бал арасын түрлі аурулардан қорғау шаралары, дезинфекциялау сияқты мәселелер жетіп жатыр. Бүгінде омарташы Н.Донской 2 шәкірт тәрбиелеуде.