Заңсыз сақтаудағы қарулар сатып алынады

Қызылорда. Үстіміздегі жылғы 21 cәуірден бастап республика аумағында тұрғындарда заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды  сатып алу бойынша кезекті акция өткізіледі. Атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 желтоқсандағы № 1299  қаулысымен бекітілген «Азаматтардың заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде өтеусіз тапсыру ережесіне» сәйкес жүргізіледі. 
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің маманы Ерқанат Сәрсенбайдың айтуынша, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың,  оқ-дәрінің  түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады. 2013 жылы  ҚР Үкіметінің 26 желтоқсан 2007 жылғы № 1299 қаулысы шеңберінде өткізілген  қару-жарақты сатып алу акциясы  барысында  азаматтардан заңсыз сақталған барлығы  641  қару өтемді түрде  алынды.  Олардың  571-і тегіс ұңғылы аңшы мылтығы болса, 70-і иір ойықты қару, 1327-і  иір ойықты қарудың оқ-дәрілері, 5,508 кг. жарылғыш заттар қабылданды. Былтыр Қызылорда ОІІД-мен іс-шараға бөлінген 19 063 000 (он тоғыз миллион алпыс үш мың ) теңгенің барлығы игерілді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2014 г. 6 755 0