ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУГЕ ӘРКІМНІҢ ДЕ ҮЛЕСІ БАР

Темір тордың ар жағынан оралғандардың қоғамға қайта сіңісіп кетуіне дұрыс көзқарас болу керек. Әрбір сотталушыны түзеу орындары мемлекет есебінен ұстайтыны жасырын емес. Бұған дейін біз бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдардың кейінгі тағдыры туралы хабарсыз болатынбыз. Бүгінде кешенді стратегияны іске асыру барысында «Қақпа алдында кездесу» атты әлеуметтік жоба енгізілді. Бұл жоба сотталғандарды қамқорлығына алады. Өйткені, олардың ортаға бейімделуі, жұмысқа орналасуы маңызды мәселе. Мәселен, жоба аясында бостандыққа шыққалы жатқан азаматты алдын ала қоғамға дайындап, босатылғаннан кейін әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі. Яғни, азаматтың жұмысқа орналасуына, білім алып, мамандық иесі атануына, тегін медициналық жәрдем мен заңгерлік кеңес алуға және басқа да әлеуметтік көмек алуына қол ұшын береді.

Тағы бір өзекті мәселе, жазасын өтеушілер өзіне деген сенімсіздіктен, бостандыққа шыққаннан кейін көп ретте дұрыс шешім қабылдай алмауы мүмкін. Осыған орай туған-туыстары, отбасы қолдау мен сенім білдіруі қажет. Ал, ешкімі жоқ, баспанасыз қалған азаматтың қоғамның толыққанды мүшесі болып кетуі қиын мәселе. Кейбір жазасын өтеуші азаматтардың туған-туыс, бауырлары оны қабылдаудан бас тартады. Осындай жағдайда біз Тасбөгет кентінде орналасқан, «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына» орналастырамыз. Содан кейін, оның жұмыспен қамтылуы, жеке басын куәландыратын құжатын алып беруге, тегін медициналық көмек және мамандық алу үшін қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жолдаймыз.

Орталық арқылы былтырдан бері 126 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, соттылы азаматшаларға жәрдемақылар алуға, бір реттік материалдық көмек, денсаулығына байланысты мүгедектікке шығуына ықпал етіп келеді. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері өткізіліп, оның да оң нәтижесі көрініп отыр.

Раушан НҰРТАЕВА,

«Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды 

әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының» қызметкері.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 шілде 2018 г. 523 0