Батыр мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтеді

Батыр мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтедіҚазалы. Аудан әкімінің төрағалығымен Жанқожа Нұрмағамбетұлының 240 жылдығын атап өту жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының отырысы өткізілді.Отырыс барысында аудан басшысы Бахыт Жақанов биылғы жылы ауданда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда Әйтеке би кентінде бір 600 орындық мектептің, 280 және 140  орындық  2 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Биыл Сарыбұлақ, Аранды ауылдарындағы мектептің,  Жанқожа батыр ауылында  балабақшаның, Ақсуат, Түктібаев, Жалаңтөс, Мұратбаев ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның, Түктібаев ауылдағы клубтың, Әйтеке би кентінде 2 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын салуға  қаржы бөлініп отыр. Амандық болса, бұл нысандар биылғы жылы халық игілігіне берілетін болады. Сонымен қатар, Жанқожа батыр, Қожабақы, Пірімов ауылдары мен Қазалы қаласындағы №17 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәдениет саласында Әйтеке би кенттік клубы мен Басықара, Бозкөл, Жанқожа батыр ауылдарындағы мәдениет үйлерін жөндеуге қаржы қаралды. Биыл өткен жылғыдай жолдарды жөндеуді де жалғастырамыз. Осы жылы Әйтеке би кентінің 19 көшесін орташа жөндеуден өткізуге 150 млн. теңге бөлінсе, аудан елді мекендерінің 12 шақырым ішкі автомобиль жолдарын  жөндеуге аудандық бюджеттен барлығы 92 млн. теңге бөлініп отыр. Қазалы қаласында 3 көшеге, Басықара ауылында 5 көшеге, Бекарыстан би, Ақтан батыр, Бозкөл, Қожабақы, Абай, Бірлік ауылдарында 2 көшеден жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 
Жалпы 2014 жылға абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына бюджеттен 500 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Отырыс барысында Бахыт Жаханов «Биыл Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығы. Баба мерейтойын жоғары деңгейде өткізу әрбірімізге сын», - дей келе,  мерейтойды республикалық деңгейде атап өту  жоспарланып отырғандығын жеткізді. Өткен жылы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығын кең көлемде атап өту жөнінде облыс әкімінің өкімімен облыстық ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін іс-шаралар жоспары жасалды. 
Баба мерейтойын өткізу жөнінде ауданда да ұйымдастыру комиссиясы құрылып, іс-шаралар жоспары жасалды. Өткен жылы бірінші кезекте бітіруге тиістіміз деп мақсат қойған баба атындағы мешітті жыл басында  пайдалануға берілді. Бүгінгі күні баба мешіті халықтың көп баратын орнына айналды. 
Іс-шаралар жоспарында әруақты батырды кеңінен насихаттау үшін Қызылорда қаласынан еңселі ескерткішін орнату, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу  жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қызылқұм беткейіндегі шекара бекетін Жанқожа батыр есімімен атау үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ең бастысы, батырдың кіндік қаны тамған өңірдегі - Жанқожа батыр ауылын тіректі елді мекен қатарына енгізілді. Жалпы, ауылды абаттандыру жұмыстарына 130 млн. теңге қаржы қаралып отыр.  Ауылдағы көшелерді жарықтандыруға 17,3 млн. теңге бөлінді. Бұдан бөлек, жоғары айтып өткенімдей, биыл батыр ауылындағы мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 90 орындық балабақша салынады. Сондай-ақ, отырыс барысында Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына байланысты өткізілетін мәдени-көпшілік шаралардың бағдарламасы мен  жалпы ұйымдастыру шаралары  талқыланды

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 сәуір 2014 г. 1 265 0